Accessibility links

Сот OCC мұнайшыларының апелляциялық шағымын қанағаттандырмады


Аштық жариялағандары үшін 28 жұмысшыдан 3,3 миллион теңге өндірілетіні туралы сот шешімін тыңдап тұрған ОСС компаниясы мұнайшылары. Ақтау, 22 қаңтар 2017 жыл.
Аштық жариялағандары үшін 28 жұмысшыдан 3,3 миллион теңге өндірілетіні туралы сот шешімін тыңдап тұрған ОСС компаниясы мұнайшылары. Ақтау, 22 қаңтар 2017 жыл.

Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық алқасы Oil Construction Company (OCC) мұнайшыларының 28 адамнан аштық акциясына қатысып, тамақ ішпегендері үшін компанияға келген 3 миллионнан теңгеден астам шығынды өндіруге қарсы шағымдарын қанағаттандырмады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Апелляциялық шағымды Маңғыстау облысы апелляциялық сот алқасының судьялары Ғабит Бастаубаев, Шаншарбек Есмағамбетов және Хамида Каженова қарады.

Маңғыстау аудандық соты 2017 жылғы 23 қаңарда OCC басшылығының компанияның 28 мұнайшысының 6-22 қаңтар аралығында жариялаған аштық акциясын заңсыз деп танып, оларға тамақтан бас тарту түріндегі заңсыз және рұқсат берілмеген наразылық акцияларын өткізуге тыйым салу және олардан компанияға келген 3 миллион теңгеден астам шығынды өндіру туралы арызын қанағаттандырған болатын. Сот жұмысшылар Құспан Қосшығұлов, Махат Жайлаубаев, Нұрке Боқаев, Асқар Мойнақ, Руслан Абуов, Қайрат Жәмиев, Мақсат Төреев, Құсайын Жылқышиев, Жамбыл Бегешов, Мақсат Жайлаубаев, Анарбек Құлжанов, Нұрмахан Ақшабақов, Райымбек Мұстафин, Қайнар Оразғалиев, Нұрпейіс Ешманов, Ербол Нұрниязов, Берік Ұзақбаев, Валерий Пахомов, Қайрат Ерекешов, Сапар Ақпанов, Марат Қобланов, Өтеген Бекібаев, Серік Есіркепов, Әсентай Меңдіғазиев, Молдағали Иманғалиев, Зейнелғабиден Қойшығұлов, Әділхан Ұзақбайды 3 354 594 теңге төлеуге міндеттеген.

Мұнайшылар Маңғыстау облыстық апелляциялық сот алқасынан аудандық сот шешімін бұзуды сұрады. Апелляциялық сот мұнайшыларға қатысты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Апелляциялық шағым берушілердің бірі Құспан Қосшағұловтың Азаттыққа айтуынша, апелляциялық сот отырысына қатысуға келген 13 мұнайшы алдыңғы сот шешімімен мүлде келіспейтіндерін мәлімдеп, сот процессі кезінде бірнеше өтініш түсірген.

- Бізді еңбек заңын сақтамады деп актілеген Oil Construction Company директорының орынбасары Дүйсен Атшыбаевты, кен орындарындағы учаске басшылары Берік Бекбаев пен Шалқар Жаңбыршыны сот залына шақырып, көзімізше жауап алуды сұраған едік. Өйткені олар біздің аштық жариялауға үгіттегеніміз туралы қағаз толтырған, - дейді Құспан Қосшағұлов.

Оның сөзінше оларды соттың апелляциялық отырысына шақыру туралы өтініштері де кері қайтарылған.

Мұнайшылар Oil Construction Company басшылығынан тамақ ішпегендері үшін компанияға келген қомақты шығынды қалай есептегендерін, оған қандай құжаттары барын да сұрағандарын айтады.

- Бұл сауалға нақты жауап берілмеді, сот алқасы олардан шығынды дәлелдейтін құжаттарды сұратпады, - дейді Құспан Қосшағұлов.

Бұған қоса мұнайшылар Асқар Мойнақ пен Анарбек Құлжановтың аштық акциясы кезінде болмағанын айтып, оларды айыптылар қатарынан алып тастауды өтінген. Олар бұл өтінішітерінің де қанағаттандырылмағанын айтады.

Мұнайшылар өздеріне тағылған айыпты мойындаудан бас тартып, кассациялық сотқа шағымданатындарын айтты.

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының Республикалық тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының жұмысын тоқтату туралы шешіміне наразылық білдірген маңғыстаулық OCC компаниясының мұнайшылары 5-22 қаңтар аралығында жаппай аштық жариялаған соң кәсіподақ лидерлері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаев қамауға алынып, Астанада екі ай қамауға алынған.

Әмин Елеусіновке қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі бойынша ("сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу"), Нұрбек Құшақбаевқа – 402-баптың 2-бөлігі бойынша ("заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату") айыптар тағылған.

Нұрбек Құшақбаевқа қатысты сот отырысы 17 науырызда басталған.

XS
SM
MD
LG