Accessibility links

Назарбаевтан журналист Мамайды қудалауды тоқтатуға шақырды


Жанболат Мамай Медеу аудандық сотында жауап беріп тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.
Жанболат Мамай Медеу аудандық сотында жауап беріп тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.

Бір топ қоғам қайраткерлері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа журналист Жанболат Мамайдың жағдайына араласуды сұрап, ашық хат жариялады. Оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газетінің бас редакторы міндетін атқарушы Жанболат Мамай өткен айда "қылмыстық жолмен табылған қаржыны заңдастырды" деген күдікпен қамалған. Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамайды.

Ондаған қоғам қайраткері қол қойған хатта өз ой-пікірін ашық білдірген азаматтарды қудалаудың күшейгеніне алаңдап, Мамай мен "түрлі уақытта саяси көзқарастары үшін сотталып, қазір жазаларын өтеп жатқан басқа да азаматтарды" босатуды талап етеді. Хатқа қол қойғандар арасында саясаткерлер, жазушылар мен журналистер (Серікболсын Әбділдин, Мұрат Әуезов, Гүлжан Ерғалиева, Тоқтар Әубәкіров, Мұхтар Шаханов, Әміржан Қосанов, Рысбек Сәрсенбай, Ермұрат Бәпи) бар.

"Елде саясаткерлер мен белсенділерді сотпен қудалау көбейді" делінген хатта.

Хат авторлары елде қуғын-сүргін болған "1937 жыл жақындап келе жатқанын" ескретіп, Назарбаевтан "қауіпті тенденцияларды" тоқтатуды сұрайды. "Егер бұл бассыздықты тоқтатпаса, одан кейінгі қуғын-сүргіннің мемлекет үшін салдары ауыр болуы мүмкін. Саяси қуғын құрбандарының, оның ішінде көзқарасы үшін қаза болғандардың тізімі толықпауы тиіс" дейді.

Бұған дейін қоғам қайраткерлері биліктен атыраулық азаматтық белсенділер, өткен жылы қарашада "алауыздық тудырды, митинг өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен сотталған Макс Боқаев пен Талғат Аянды қудалауды тоқтатуды сұрап осы сияқты хат жазған. Осы айдың басында белсенділерді жазаларын өтеу үшін Петропавлдағы түрмеге апарған.

Осы аптаның басында ой-пікірін білдіру құқығын қорғаумен айналысатын ұйымдардың халықаралық желісі Жанболат Мамайдың қамалып, қудалануына алаңдаушылық білдірген.

XS
SM
MD
LG