Accessibility links

Гавайи судьясы Трамп жарлығының күшін тоқтату мерзімін ұзартты


АҚШ-тың Гавайи штатының мөрі (Көрнекі сурет).
АҚШ-тың Гавайи штатының мөрі (Көрнекі сурет).

АҚШ-тың Гавайи штатының федералдық судьясы Деррик Уотсон президент Дональд Трамптың иммиграцияны шектеу туралы жарлығының күшін уақытша тоқтату мерзімін ұзартты.

Судья Гавайи штатының Трамптың жарлығына қарсы шағымына қатысты сот шешімі шыққанша жарлықтың штаттағы күшін уақытша тоқтату туралы шешімін ұзартты.

6 наурызда президент Трамп 90 күнге дейін Иран, Сирия, Судан, Ливия, Сомали және Йемен азаматтарына виза беруді тоқтататын жаңа жарлық шығарған. Бұл елдердің ендігі виза алып қойған азаматтары АҚШ-қа кіре алады. 16 наурыздан бастап күшіне енетін жаңа жарлық босқындардың 120 күнге дейін АҚШ-қа кіруін тоқтатады, бірақ соңғы жарлықта сириялық босқындардың АҚШ-қа кіруіне шексіз мерзімге тыйым салынатыны айтылмаған.

Трамптың қаңтарда шығарған, миграцияны шектейтін алғашқы жарлығының күшін сот тоқтатқан болатын. ол бойынша аталған алты елмен қоса Ирак азаматтарының да АҚШ-қа кіруіне үш айға дейін тыйым салынған еді. Жаңа жарлыққа да бірнеше штат басшылары сотқа шағым түсірген.

Трамп иммиграцияны қауіпті террористерді елден шығару үшін шектеп отырғанын мәлімдеген.

Гавайи судьясы құжат адамдарды діни және ұлттық белгілері бойынша кемсітетінін және штат экономикасына кері әсер ететінін айтады.

XS
SM
MD
LG