Accessibility links

Құшақбаев сотында адвокаттың прокуратураға қарсылығын қабылдамады


Oil Construction Company компаниясының жұмысшылары кәсіподағының инспекторы Нұрбек Құшақбаевтың соты. Астана, 31 наурыз 2017 жыл.
Oil Construction Company компаниясының жұмысшылары кәсіподағының инспекторы Нұрбек Құшақбаевтың соты. Астана, 31 наурыз 2017 жыл.

Астананың Алматы аудандық №2 сотында бүгін Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (OCC) кәсіпорнының жұмысшылары кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевтың үстінен сот процесі жалғасты. Құшақбаевқа "заңсыз ереуілді жалғастыруға арандатты" деген айып тағылған.

Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, бүгінгі сотта адвокат Төлеген Шаиков прокурорға қарсылық білдірді. Адвокат талап-арызында жәбірленуші тарап, Құшақбаевты сотқа берген Techno Trading компаниясының өкілі Нұрсұлтан Бегендіктің "прокурордың кабинетіне кіргенін көріп, видеоға түсіріп алғанын" айтқан. Нұрсұлтан Бегендік адвокаттың талап-арызына қарсылық білдіріп, прокурордың кабинетіне "сөмкесін қою үшін ғана кіргенін" айтты. Сотта үзіліс жариялап, кеңесу бөлмесіне барып келген судья Айжан Күлбаева қарсылықты қабылдамады.

Бүгінгі сотта Techno Trading компаниясының жұмысшысы Қуандық Сапарбековтен жауап алынатын болған. Судья куәгерден орыс тілін қаншалықты білетінін сұрады. Куәгер орыс тілін "жақсы білмейтінін" айтты. Сапарбаев аудармашы сұрады.

Адвокаттар келген аудармашыдан қайда, кім болып жұмыс істейтінін сұрады. Аудармашы облыстық прокуратурада бас маман болып жұмыс істейтінін, заңгер білімі барын айтты. Бұдан соң адвокаттар "филологиялық білімі болмаса, бір тілден екінші тілге аударғанда қиындық туындайды, филолог маман қажет" деп оған да қарсылық білдірді. Бұдан соң судья қарсылықты қарау үшін тағы үзіліс жариялады.

Маңғыстау облысында мұнай саласына қызмет көрсететін Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподақ ұйымының жетекшісі 56 жастағы Әмин Елеусінов пен осы кәсіподақтың еңбек инспекторы 35 жастағы Нұрбек Құшақбаев Ақтауда биыл қаңтардың 5-інен 21-іне дейін ОСС кәсіподағы кеңсесінде өткен мұнайшылардың жаппай аштық акциясы кезінде ұсталып, Астанаға жеткізілген соң екі айға қамауға алынған. Аштық жариялаған мұнайшылар Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын тіркеуді талап еткен болатын. Министр Тамара Дүйсенова мұнайшылардың Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы заңнамаға сәйкес берілген 2015 жылдан бастап бір жарым жыл ішінде толық тіркеуден өте алмағандықтан тіркелмегенін айтады.

Әмин Елеусіновке қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі бойынша ("сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу"), Нұрбек Құшақбаевқа – 402-баптың 2-бөлігі бойынша ("заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату") айыптар тағылған.

  • 16x9 Image

    Ержан ӘМІРХАНОВ

    Ержан Азаттықтың Астана бөліміне 2015 жылғы қаңтарда телеоператор болып қосылды. "Ирбис-ТВ" мен КТК телеарналарында жұмыс істеген. Павлодар мемлекеттік университетін бітірген.

XS
SM
MD
LG