Accessibility links

Душанбе: ҰҚШҰ елдері ТИҚП-ті экстремистік ұйым деп жарияламай отыр


Интерпол сайтындағы Мухиддин Кабириге іздеу салынғаны ақпараттан скриншот.
Интерпол сайтындағы Мухиддин Кабириге іздеу салынғаны ақпараттан скриншот.

Тәжікстанның бас прокуратурасы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдер Тәжікстанда "террористік және экстремистік ұйым" деп танылған ұйымдар мен партияларды өздерінде де дәл солай деп мойындамай отыр деп мәлімдеді. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік редакциясы хабарлады.

Тәжікстан бас прокуратурасының өкілі Шохин Талбакзода 31 наурызда Душанбеде өткен конференцияда Тәжікстанда "Группа 24" тобы мен Тәжікстанның ислам қайта өрлеу партиясы (ТИҚП) террористік және экстремистік ұйымдар деп танылғанын, бірақ ҰҚШҰ елдері бұларды өздерінің "қара тізіміне" әлі күнге дейін енгізбегенін айтты. Оның сөзінше, ҰҚШҰ бұл партия мен топтың белсенділерін Тәжікстанға экстрадициялау шараларын жасамай отыр. Ал Еуропаның кейбір елдері Интерполдың іздеудегілер тізімінде тұрған ТИҚП төрағасы Мухиддин Кабириді ұстап, Тәжікстанға қайтарудың орнына оны паналатып отыр.

Талбакзода бұған қоса кейбір халықаралық ұйымдар мен еуропалық елдер "аталған ұйым мен партия белсенділерін тәжік билігіне оппзиция деп танып, қолдау көрсетіп отырғанын" айтты.

Интерпол өткен жылы қыркүйекте тәжік билігінің сұрауы бойынша Мухиддин Кабириге іздеу жариялаған. Интерполдың ресми сайтында Кабиридің "терроризм, қылмыстық топ құру және алаяқтық" баптары бойынша айыпталып отырғаны жазылған.

52 жастағы Мухиддин Кабири 2015 жылдан бері шетелде тұрады. Тәжік билігі Кабири Еуропа елдерінің бірінде жасырынып жүр деп санайды. Бұған дейін тәжік жастары Душанбедегі Еуропа Одағының өкілдігі мен Германия елшілігінің алдында наразылық танытып, Кабириді Тәжікстанға қайтаруды талап еткен.

2015 жылдың 17 қыркүйегінде Тәжікстанның бас прокуратурасы "ТИҚП-тің қорғаныс министрінің орынбасары Абдухалим Назарзода жасаған былтырғы бүлікке байланысы бар" деп мәлімдеген. Ол мәлімдемеде "Мухиддин Кабиридің тікелей тапсырмасымен Абдухалим Назарзодо 20 дан астам шағын қылмыстық топ құрып, оларға басшылық еткен. Қарулы шабуыл жасау жөніндегі тапсырма тамызда түсіп, ол үшін әртүрлі қорлардан көлемді қаражат берілген" делінеді.

Мухиддин Кабири Тәжікстан бас прокуратурасының ол мәлімдемесін мойындаған жоқ. "Менің және менің партиямның ол оқиғаға еш байланысымыз жоқ. Халықаралық іздеу жариялап, қолға түсіру үшін түк қатысымыз болмаса да билік бізді осы шабуылы жасады деп жала жауып отыр" дейді Кабири.

XS
SM
MD
LG