Accessibility links

Ақтөбелік екі әйел бас прокуратура қасында флешмоб өткізді


Ақтөбе облысында тұратын Алтынгүл Қалижанова (сол жақта) мен Айнұр Жолдыбаева бас прокуратура алдында көгершін ұшырғалы тұр. Астана, 31 наурыз 2017 жыл.
Ақтөбе облысында тұратын Алтынгүл Қалижанова (сол жақта) мен Айнұр Жолдыбаева бас прокуратура алдында көгершін ұшырғалы тұр. Астана, 31 наурыз 2017 жыл.

Ақтөбе облысында тұратын Алтынгүл Қалижанова мен Айнұр Жолдыбаева бүгін Астанада бас прокуратура ғимараты алдында көгершін ұшырып акция өткізді. Екі әйел мұны сотталған туыстарын қолдап өткізген флешмоб деп атады.

Биыл наурыздың 1-і күні Алтынгүл Қалижанованың бауыры Нұрланбек Қалижанов «адамды бостандығынан заңсыз айыру», «тонау» және «атыс қаруын ұрлау» қылмыстарына айыпты деп танылып, сот үкімімен тоғыз жылға бас еркінен айырылған. Туысының сөзінше, тағылған айыпты мойындамаған Қалижанов өзіне шыққан үкімді заңсыз деп санайды. Алтынгүл Қалижанова бауырының сот үкіміне наразылық білдіріп, наурыздың 17-інен бастап Ақтөбе қаласындағы УК 168/1 тергеу абақтысында аштық жариялағанын, қазір тек су ғана ішіп жатқанын айтады.

- Әділдікті талап етеміз. Ешқандай дәлел жоқ. Сотта да, сотқа дейінгі тергеу кезінде де барлығы қолдан жасалды. Бауырымның кінәсі жоқ. Бауырым алғашқы инстациядағы сот шешіміне апелляциялық наразылық берілуін талап етеді. Мен істің ақ-қарасын дұрыс анықтап, әділ үкім шығаруын талап етемін, - дейді Алтынгүл Қалижанова.

Флешмобқа қатысқан екінші әйел Айнұр Жолдыбаеваның күйеуі Ерлан Құттымұратов та әлгіндей айыптар бойынша сот үкімімен сегіз жылға бас еркіндігінен айырылған. Әйел күйеуінің Нұрланбек Қалижанов және тағы екі адаммен бірге Егіндібұлақ ауылдық округіндегі шаруа қожалығына алашақ 800 мың теңге ақшаны алуға барғандарын айтады. Борышкер адам жоғалған малын іздеп кеткендіктен олар оны жолықтырмаған дейді Жолдыбаева.

- Олар таң атқанша күткен, оған «жұмыскерлерің мас, олардан қару таптық» деп хабарлаған. Ол болса: «оқыс бірдеңеге ұшырамасын, одан қаруын алыңдаршы, ертең сендерден өзім алам» деген. Сол күні олар Ембіге (Ақтөбе облысындағы қала. - Автор) бір үйге апарған. Онда ешкім [қаруға] тиіспеген, олардың әлгі қаруды ұстағанына дәлел болатындай ешқандай саусақ іздері жоқ. Сол күні кешкісін бізге ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, комитет пен полиция өкілдері келді, - дейді Айнұр Жолдыбаева.

Әйел тағылған айыпты жоққа шығарып отырған күйеуінің ісін әділ тексеруді бас прокуратурадан сұрап отыр. Ол полицияның күйеуіне айып тағуына Ерлан Құттымұратовтың екі серігінің бұрын сотталғандығы себеп болуы ықтимал деп санайды.

Ақтөбе қаласының №2 сотының үкімінде Нұрланбек Қалижанов пен Ерлан Құттымұратовтың «бағасы 35 мың теңге тұратын ер-тоқым, әрбірі 25 мың теңгелік екі қол шам, 35 мың теңге ақша, үш және бес мың теңгелік екі Nokia телефонын ашық ұрлағаны» және шаруа қожалығы иесіне жалпы сомасы 103 мың теңгенің материалдық зиянын келтіргені айтылған. Сонымен бірге сот үкімінде сотталушылар шаруа қожалығы қызметкерлерін таң атқанша ұстап, олардың денелеріне жеңіл жарақат түсіргені жазылған.

Астанадағы бас прокуратура ғимараты алдында екі әйел өткізген флешмобты жергілікті полиция қызметкерлері сырттай бақылап тұрды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG