Еуропалық хабар тарату одағы (EBU) бас директоры Ингрид Дельтенре украин премьер-министрі Владимир Гройсманға хатында Украинаның ресейлік әнші Юлия Самойлованың елге кіруіне тыйым салуы осы елдің өзіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескерткен.
Хатта егер Киев Юлия Самойловаға салған тыйымның күшін жоймаса Украина келешекте «Евровидение» байқауына қатысудан шеттетілуіқұқығынан айырылуы ықтимал екені айтылған. Дельтенренің жазуынша, бұған дейін осынау танымал ән байқауы өткен елдердің ешбірі өзге ел әншісінің өнер көрсетуіне бөгет жасаған емес.
Бұған дейін 28 жастағы мүмкіндігі шектеулі ресейлік әнші Юлия Самойлованың Украина аумағына келуіне тыйым салған Киевтің шешімін сынаған бірнеше мемлекет биылғы ән байқауына бойкот жариялауды қарастырып жатқаны туралы Еуропалық хабар тарату одағын хабардар еткен.
Наурыздың 22-сі күні Украина қауіпсіздік қызметі (УҚК) ресейлік әнші Юлия Самойловаға Ресей аннексиялап алған Қырым түбегінде 2015 жылы өнер көрсетіп, «Украина заңын бұзғаны» үшін Украинаға келуіне үш жылға тыйым салған. Ресей мұны «саяси шешім» деп сынаған.
Еуропалық хабар тарату одағы (EBU) әншіге тыйым салу «Евровидение» байқауы дәстүріне қайшы келеді деп мәлімдеген.
Өткен жылы Стокгольмде өткен «Евровидение-2016» байқауында украиналық әнші Жамала екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Иосиф Сталиннің пәрменімен Қырымнан депортацияланған татарлардың тағдыры туралы «1944» әнін орындап, байқау жеңімпазы атанған.