Шығыс Украинадағы жанжалға қатысушы тараптар сәуірдің 1-інен бастап күшіне енген бітім туралы келісімді бұзды деп бір-бірін айыптады.
Украиналық әскерилер өздері оқ атпау режимін сақтағандарын, ал сепаратистер оны кемінде 10 рет бұзғанын айтса, өзін өзі жариялап алған «Луганск халық республикасы» күштері сенбіге қараған түні украиналық әскерилер жағынан Калиновка кентін минометтен атқылады деп мәлімдеді.
Құрбан болғандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Наурыздың 29-ы күні Минскіде Донбастағы жанжалды бейбіт реттеу жөніндегі үшжақты байланыс тобының отырысында тараптар сәуір айынан бастап оқ атпау туралы келісімге келген еді. Оған сәйкес, сәуірдің бірінен оқ ату тоқтатылады, ал сәуірдің 6-сынан бастап жанжалға қатысушы тараптар Станица Луганская елді мекені маңында күштерін тарата бастауға уағдаласқан.