Accessibility links

Сот Жанболат Мамайды 10 мамырға дейін қамауда қалдырды


Журналист, азаматтық белсенді Жанболат Мамай (оң жақта) адвокатының шағымдары бойынша сот отырысы басталар алдында. Алматы, 31 наурыз 2017 жыл.
Журналист, азаматтық белсенді Жанболат Мамай (оң жақта) адвокатының шағымдары бойынша сот отырысы басталар алдында. Алматы, 31 наурыз 2017 жыл.

Алматының Медеу аудандық соты БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың ісіне қатысты айып тағылып, ақпанның 10-ынан бері тергеу абақтысында отырған журналист Жанболат Мамайды тағы бір ай мерзімге қамауда қалдыру туралы шешім шығарды деп хабарлады бүгін сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қоғамдық қоры.

Ақпаратта Жанболат Мамайды мамырдың 10-ына дейін қамауда қалдыру туралы сот шешімі наурыздың 31-і күні кешкісін шыққаны айтылған. Бұған дейін журналистің адвокаты Жанар Балғабаева тергеушінің күдіктіні тергеу амалдарын адвокатсыз жүргізгеніне және Мамайдың әкесіне қорғаушы статусы берілмегеніне байланысты сотқа шағым түсірген. Сот отырысы басталар алдында адвокатқа оның Мамайға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы бұған дейін берген шағымы да қаралатыны туралы хабарлаған.

Сот отырысы басталар алдында Жанболат Мамай ешқандай қылмыс жасамағанын және өзіне қатысты істің саяси астары бар деп санайтынын тағы да мәлімдеген. Сотқа келген отызға жуық адам Жанболат Мамайды кепілге босатуды немесе оған үйқамақ шарасын белгілеуді сұрап, оның ешқайда кетпейтініне кепіл болатындары туралы судьяға өтініш берген.

Үш мәселе бойынша да жабық өткен сот отырысы сенбі күні сағат 23:00-ге дейін жалғасқан. Сот Жанболат Мамайды қамауда ұстау мерзімін мамырдың 10-ына дейін ұзарту туралы шешім қабылдаған. Тергеушіге қатысты адвокаттың шағымын қанағаттандырудан бас тартқан судья Жанболат Мамайдың әкесіне қорғаушы мәртебесін беру мәселесін дербес қарап, шешім қабылдайтынын айтқан.

Оппозициялық «Трибуна. Саяси қалам» газетінің редакторы 28 жастағы Жанболат Мамайды бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің ұйымдастыруымен «БТА Банктен» ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін «Трибуна. Саяси қалам» газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған» деген күдікпен тергеп жатыр. Ақпанның 11-інде сот шешімімен екі айға қамалған Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамайды. 2009 жылдан бері Еуропада жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов айыптауды «абсурд» деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.

Ақпанның 21-і күні Жанболат Мамайдың адвокаты мен жақтастары оппозициялық журналистке қамауда бірге отырған басқа тұтқындар күш көрсетіп, оны тергеуге «қажетті деректер» беруге мәжбүрлемек болған деп мәлімдеген. Түрме әкімшілігі ол ақпаратты жоққа шығарып, құқық қорғаушылардың алаңдаушылығынан кейін Мамайды басқа камераға ауыстырған.

Жұма күні Жанболат Мамай қазір өзіне камерада бірге отырғандар немесе түрме әкімшілігі тарапынан қысым көрсетілмейтіні туралы айтқан деп хабарлайды «Әділ сөз» қоғамдық қоры.

XS
SM
MD
LG