Accessibility links

Қарағанды облысында қар суына батқан адамның денесі табылған


Көктемгі су тасқыны. Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 16 cәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Көктемгі су тасқыны. Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 16 cәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қарағанды облысында жұма күні болған жол апаты салдарынан көктемгі тасқын суға батып кеткен бір адамның денесі табылды, тағы екі адамды іздестіріп жатыр деп хабарлады «Қазақпарат» агенттігі.

Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Қуаныш Мүтәлапповтың айтуынша, наурыздың 31-і күні «Қарашоқы-Бесоба» бағытында тасжолдың бойында УАЗ маркалы автокөлік еріген қар суына толы жыраға түсіп кеткен.

«Жеті орындық көлік салонында 14 адам болғаны анықталды. Апатқа ұшыраған көліктегі он бір адам судан өздері шыққан» деп хабарлаған облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілі.

Хабарсыз кеткен үш адамды іздестіру барысында сенбі күні сағат 13:00 шамасында бір адамның жансыз денесі табылған. Жедел-құтқару тобының адамдары мен техникалары төтенше оқиға болған жерден қалған екі кісіні іздестіріп жатыр деп хабарланды.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші рульге ие бола алмай қалғаннан кейін автокөлік жыраға құлаған.

Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдары көктемгі су тасқынына байланысты сенбі, сәуірдің 1-і күні Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы кейбір бағыттағы автокөлік жолдарында көлік қозғалысына шектеу қойылғаны туралы хабарлаған.

XS
SM
MD
LG