Accessibility links

Ресейде 26 наурызда шеруге шыққандарды ұстау және жазалау жалғасып жатыр


Милиция коррупцияға қарсылық акицясына шыққандарды ұстап жатыр. Мәскеу, 26 наурыз 2017 жыл.
Милиция коррупцияға қарсылық акицясына шыққандарды ұстап жатыр. Мәскеу, 26 наурыз 2017 жыл.

Ресейдің әр аймағындағы қалаларда наурыздың 26-сы күні өткен коррупцияға қарсылық акцияларына шыққандарды ұстап, тергеуге шақырып, жазалау жалғасып жатыр. Наразылық акциялары ресейлік оппозиция лидері Алексей Навальныйдың бастамасы бойынша өткен.

Дондағы Ростов қаласында бес белсендіні полицияға шақыртқан деп хабарлайды «Кавказский узел» сайты.

«ОВД-Инфо» сайтының мәліметі бойынша, Мәскеуде Тверь көшесінде өткен наразылық акциясына қатысушылардың бірін учаскелік полиция өкілі «әңгімелесуге» шақыртқан.

Чебоксары қаласында коррупцияға қарсылық шеруіне қатысқаны үшін скрипкашы Андрей Осиповты репетицияда отырған жерінен полиция алып кеткен. Бұл туралы ақпарат наурыздың 31-і күні «Живой Журнал» блог-платформасында жарияланды.

«MK.ru» порталының ақпараты бойынша, Мәскеуде коррупцияға қарсы шеруге шыққан әрбір 15-ші адам ұсталған. Бұл 2012 жылғы мамырдың 6-сы күні Мәскеудің Болотный алаңына наразылық шеруіне шығып ұсталғандар санынан екі есе көп. Ол шеруге қатысушылар саны биыл наурыздың 26-сында Тверь көшесіндегі акцияға қатысқандармен салыстырғанда бірнеше есе көп болған.

«МК» дерегі бойынша, қазірге дейін 60-тан аса адам тұтқындалған, оларға тағайындалған әкімшілік жазаның орташа мерзімі – 10 тәулік.

Наурыздың 26-сы күні Мәскеу полициясы 500 адам ұсталғаны туралы хабарлаған еді. «ОВД-Инфо» жобасының есебі бойынша, ұсталғандар саны бір мыңнан асады.

«Мемориал» құқық қорғау орталығы «ОВД-Инфо», «Русь сидящая» жобаларымен, «Общественный вердикт» қорымен, «Прогрессивное право» қозғалысымен және тәуелсіз заңгерлермен бірлесіп, наурыздың 26-сы күні Мәскеудің Тверь көшесіндегі акция кезінде ұсталғандар үшін сәуірдің 2-і күні Мәскеуде семинар-кеңес өткізбек.

XS
SM
MD
LG