Колумбияда тасқын салдарынан 250-ден аса адам құрбан болған деп мәлімдеген ел президенті Хуан Мануэль. Табиғи апат кесірінен 400 адам жарақат алып, 200-ден астам адам хабарсыз кеткен. Жергілікті билік орындары апат құрбандарының саны тағы өсуі мүмкін деп қауіптенеді.
Колумбияның оңтүстік-батысындағы Мокоа қаласы ауданындағы қатты нөсер салдарынан тасыған өзендер арнасынан шығып, мыңдаған тұрғыны бар елді мекендерді басқан. Қазір апат аймағында құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, табиғи апат болған аймақтағы жергілікті ауруханаларда дәрігерлер жараланған адамдарға құятын қан таусылуға жақын екенін айтқан.
Колумбияның оңтүстік-батыс өңірі бүкіл Оңтүстік Америка құрлығы бойынша климаты ең ылғалды аймаққа жатады.