Ирак мемлекеттік телеарнасы үкімет әуе күштерінің соққысы нәтижесінде «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобы басшысы Абу Бакр әл-Бағдадидің «оң қолы» Аяд әл-Жумалидің қаза тапқаны туралы хабарлады.
Сәуірдің 1-і күні тараған ақпаратта Ирактың Сириямен шекарасы маңындағы Әл-Қайым ауданында ИМ тобының «соғыс министрі» саналатын әл-Жумали мен ИМ-нің тағы бірнеше командирінің көзі жойылғаны айтылады, бірақ оқиғаның нақты қай күні болғаны көрсетілмеген.
Әл-Жумалиге қатысты ақпаратты Иракта ИМ тобына қарсы АҚШ жетекшілігімен әуе операциясын жүргізіп жатқан халықаралық коалиция күштері басшылығынан анықтау әзірше мүмкін болмады.
Ирак армиясы АҚШ бастаған халықаралық коалицияның әуе күштерінің қолдауымен өткен жылы қазанда Мосул қаласын «Ислам мемлекеті» экстремистік тобынан азат ету үшін көлемді әскери операция бастаған. Содан бері үкімет күштері қаланың шығыс бөлігін бақылауына алып, қазір батыс бөлігінде радикалды исламшылдарға қарсы күрес жүргізіп жатыр. Шайқас өтіп жатқан аудандарда жүздеген мың бейбіт тұрғын қалып отыр.
ИМ экстремистік тобы 2014 жылы Мосулды басып алып, өз тірегіне айналдырған соң Абу Бакр әл-Бағдади өзін «халифат» басшысы деп жариялаған. Ол Мосулдан қашып, шекара маңындағы шөлді аймақта бас сауғалап жүр деген болжам бар.