Accessibility links

Стокгольмде Боб Диланға Нобель сыйлығы тапсырылған


Америкалық ақын әрі музыкант Боб Дилан.
Америкалық ақын әрі музыкант Боб Дилан.

Стокгольмде сәуірдің 1-і күні америкалық ақын әрі музыкант Боб Диланға Нобель сыйлығы тапсырылды. Оған аталған сыйлық дипломы мен алтын медаль табыс етілген деп хабарлайды АВС телеарнасы.

Сыйлықты тапсыру рәсіміне, 75 жастағы Диланның өтініш бойынша, тек швед академиясы мүшелері ғана қатысқан. Осы сыйлықтың 895 мың доллар ақшалай жүлдесін алу үшін Боб Дилан Нобель иегерінің дәстүрлі дәрісін биылғы маусымның 10-ынан кешіктірмей оқуы тиіс.

Нобель сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысып шыққаннан кейін сенбі күні кешке Дилан Стокгольмде өнер көрсеткен. Бұған дейін музыкант еуропалық турын сәуірдің 1-і мен 2-і күндері Швеция астанасындағы концерттік қойылымдармен бастайтыны хабарланған еді.

Өткен жылы Швед академиясы әдебиет бойынша 2016 жылғы Нобель сыйлығын Боб Диланға «америкалық ұлы ән дәстүрінде жаңа поэтикалық тіркестер тудырғаны үшін» берген. Дилан «жұмысбастылығы себебімен» былтыр желтоқсанның 10-ы күні Нобель сыйлығы иегерлерін ресми марапаттау рәсіміне келмеген еді.

XS
SM
MD
LG