Accessibility links

Арменияда бүгін парламент сайлауы өтіп жатыр


Армения премьер-министрі Карен Карапетян (ортада) парламент сайлауында дауыс беріп тұр. Ереван, 2 сәуір 2017 жыл.
Армения премьер-министрі Карен Карапетян (ортада) парламент сайлауында дауыс беріп тұр. Ереван, 2 сәуір 2017 жыл.

Арменияда бүгін парламент сайлауы өтіп жатыр деп хабарлайды Азаттықтың Армян қызметі. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Тигран Мукучянның мәлімдеуінше, жексенбі күні таңертең елде 1997 сайлау учаскесінде парламент сайлауына дауыс беру басталған, бұдан өзге елдегі қылмыстық жаза өтеу мекемелерінде 12 сайлау учаскесі бар.

Бұл жолғы сайлауда сайлаушыларды тіркеу техникалық құралдардың көмегімен жүргізіледі. Осы мақсатқа барлық сайлау комиссияларына 4 мың дана техникалық құрал таратылған.

Бүгінгі сайлау жаңа сайлау жүйесі бойынша өтіп жатыр. Сайлаушылар жалпыұлттық партиялық тізім бойынша пропорционалдық жүйе арқылы және елдегі 13 сайлау округінен партиялар ұсынған кандидаттар арасынан таңдау жасап, дауыс береді.

Парламент сайлауында барлығы тоғыз саяси күш – бес саяси партия мен төрт партиялық альянс өзара бәсекеге түсіп жатыр. Оларға үкіметті жасақтайтын көпшілік дауысқа ие болу үшін парламенттегі орындардың кемінде 54 пайызын иелену қажет.

Парламентке өту үшін партиялар 5 пайыздық межені, ал партиялық альянстар – 7 пайыздық межені еңсеруі керек.

Бұл жолғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі – оған өткендер келешекте ел президентін таңдауда маңызды роль атқаратын болады. Арменияда 2015 жылғы желтоқсанда өткен референдум нәтижесінде конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, қазір билікте екінші мерзімін атқарып отырған президент Серж Саргсянның өкілеттігі аяқталғаннан кейін, 2018 жылдан бастап елде президентті парламент депутаттары сайлайтын болады.

XS
SM
MD
LG