Accessibility links

Майкл Флинн Ресейден алған кірісі жайлы ақпаратты бүгіп қалған


АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы көмекшісі Майкл Флинн.

Америкалық генерал-лейтенант Майкл Флинн АҚШ президенті Дональд Трамптың көмекшісі қызметін атқарған кезде президент аппаратында жұмыс істейтін жоғары лауазымды қызметкерлердің барлығы толтыратын қаржы құжаттарында 2015 жылы ресейлік көздерден алған кірісі туралы ақпаратты көрсетпеген.

Флиннің әлгі олқылықтың орнын толтырып, жаңадан толтырған есебін сенбі күні Ақ үй жариялаған. Флинн ресейлік Russia Today телеарнасының құрылғанына 10 жыл толуына арналған Мәскеудегі банкетке қатысқаны және «Волга-Днепр» мен «Касперский лабораториясы» компанияларының америкалық бөлімшелері қызметкерлері алдында сөз сөйлегені үшін жалпы сомасы 1,3 миллион доллар алған. Мәскеудегі әлгі банкетте Флинн Ресей президенті Владимир Путинмен дастархандас болған.

Кей мәліметтер бойынша, Флинн отставкаға кетерінен бірнеше күн бұрын, ақпанның 11-і күні ұсынған есептің алғашқы нұсқасында оның алған гонорарлары туралы жалпылама ақпарат беріліп, олардың төркіні егжей-тегжейлі көрсетілмеген; қосымша деректер кейін, Ақ үй аудиторлары мен атқарушы билік тармағы өкілдерінің қаржы этикасын бақылау жөніндегі тәуелсіз мекеменің жүргізген жоспарлы құжат тексерулері барысында енгізілген.

Флинн егжей-тегжейлі есеп құжатында сонымен бірге АҚШ-та түрік диаспорасы алдында сөз сөйлегені үшін 10 мың доллар алғанын да жазған. Ақ үйге келгенге дейін отставкадағы генерал Анкарадағы үкіметтің мүддесіне жұмыс істейтін Нидерландтағы компанияға лоббистік қызмет көрсеткен.

АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің бұрынғы кеңесшісі Майкл Флиннге қылмыстық қудалаудан қорғайтын иммунитет беру қажеттігін айтқан. Ақ үй басшысының пікірінше, БАҚ пен АҚШ демократиялық партиясы Флиннге қарсы «тырнақ астынан кір іздеуге» кіріскен.

Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы Флинн өзіне иммунитет берілетін болса, «АҚШ-тағы президент сайлауына Ресейдің араласуы» ісі бойынша жүріп жатқан тергеу барысында куәлік беруге әзір деп жазған.

Майкл Флинн өткен жылғы АҚШ президенті сайлауы алдындағы сайлау кампаниясы кезінде Вашингтондағы Ресей елшісі Сергей Кислякпен әңгіме кезінде Ресейге қарсы салынған санкцияларды талқылағаны анықталғаннан кейін президент Дональд Трамптың көмешкісі қызметінен отставкаға кеткен. Америкалық сайлау процесіне Кремль араласқан болуы мүмкін деген күдік бойынша басталған тергеу ісі аясында АҚШ федералдық тергеу бюросы (FBI) Флиннің іс-әрекеттерін де тексермек.

AzattyqTV

Azatnews 23.01.2019
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:14:50 0:00
XS
SM
MD
LG