Accessibility links

Новосибирскіде коррупцияға қарсы пикетке жүздеген адам қатысқан


Жемқорлыққа қарсы пикетке қатысушылар «Коррупция ерсі саналуы тиіс» деген сөз жазылған баннер ұстап тұр. Новосибирск, Ресей, 2 сәуір 2017 жыл.
Жемқорлыққа қарсы пикетке қатысушылар «Коррупция ерсі саналуы тиіс» деген сөз жазылған баннер ұстап тұр. Новосибирск, Ресей, 2 сәуір 2017 жыл.

Бүгін Ресейдің Новосибирск қаласындағы Ленин атындағы алаңға 500-ден астам адам жиналып, биліктен наурыздың 26-сы күні бүкілресейлік наразылық акциясы кезінде ұсталғандардың барлығын босатуды талап еткен деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі. Шараға қатысушылар бұған дейін Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевтің «Коррупция ерсі саналуы тиіс» деген сөзін басты ұран етіп алған. Олар акцияға әлгі сөз жазылған ұзындығы бірнеше метрлік баннерді ұстап шыққан. Шараға қатысушылар арасында жастар басым болған. Бұған қоса наразылар резеңке үйректер мен «Димон, жоғал!» деген жазуы бар плакаттар ұстап келген.

Шараны ұйымдастырушылардың бірі Андрей Гладченконың сөзінше, билік орындары өтініш кеш берілгендіктен билік орындарынан тиісті рұқсат алып үлгермеген. Сол себепті келісілген акция дыбыс күшейткіш аппаратурасыз, пикет түрінде өткен. Бұл жолғы шараның бір ерекшелігі, Новосибирскіде алғаш рет жаппай пикетте байланысқа жаңа технология – Zello қосымшасының көмегімен шыққан.

- Новосибирск өзін өте күшті, қуатты, іс-қимылға қабілетті, бірақ сонымен бірге өте интеллектуалды әрі өркениетті қала ретінде көрсете білді. Және ол екі тарапқа да – шеру өткізушілерге де, құқық органдарына да қатысты, - деп мәлімдеген Андрей Гладченко.

Полиция алаңдағы оқиғаға араласпай, сырттай бақылап тұрған. Новосибирскіде мұның алдындағы коррупцияға қарсылық митингісі кезіндегідей, бұл жолғы акция барысында да полиция ешкімді ұстамаған.

XS
SM
MD
LG