Accessibility links

Мәскеу орталығында бірнеше адамды ұстаған


Мәскеу орталығына жиналып жатқан полиция қызметкерлері. 2 сәуір 2017 жыл.
Мәскеу орталығына жиналып жатқан полиция қызметкерлері. 2 сәуір 2017 жыл.

Мәскеу полициясы бүгін билік рұқсат етпеген наразылық акциясы басталар алдында қала орталығындағы Манеж алаңына, Тарих музейі мен Александр саябағы маңына темір қоршаулар орнатқан. Мәскеу орталығына полицияның арнайы жасағы мен Ресей ұлттық гвардиясы қызметшілері апарылған. Алаңда 50 шақты адам жүр. Қазіргі уақытта бірнеше адамды ұстаған, олардың арасында билікті қолдайтын қозғалыстың арандатушысы да бар деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.

Соңғы аптада әлеуметтік желілерде сәуірдің 2-і күні рұқсат етілмеген наразылық акциясы өтетіні туралы хабарлар тараған. Ресейдің оппозициялық қозғалыстары бұл акцияларға өздерінің қатысы жоқ екені туралы мәлімдеген. Мәскеу билігіне шеру өткізу туралы өтініш түспеген.

Ресей тергеу комитеті сәуірдің 1-і күні «жаппай тәртіпсіздіктерге шақыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ішкі істер министрлігі мен прокуратура ондай акциялар заңсыз деп саналатыны туралы ескерткен. «Роскомнадзор» мекемесіне бас прокуратура шеруге шығуға шақырған әлеуметтік желілердегі барлық парақшаларды бұғаттауды міндеттеген.

ЮКОС компаниясының бұрынғы басшысы және «Открытая Россия» қозғалысының негізін қалаушы Михаил Ходорковский сәуірдің 2-і күнгі Мәскеудің Манеж алаңындағы акцияны билік тарапынан жасалған «арандатушылық» деп атаған.

Наурыздың 26-сы күні бүкіл Ресей көлемінде өткен коррупцияға қарсылық шерулері барысында мың жарымға жуық адам ұсталған. Наразылық акциясы туралы бастама көтерген ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный мен ол басқаратын коррупциямен күрес қорының бірнеше қызметкері ұсталып, түрлі мерзімге әкімшілік қамауға алынған.

XS
SM
MD
LG