Accessibility links

Бішкек түрмесінде отырған экс-депутат дене жарақатымен ауруханаға түскен


Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Садыр Жапаров.
Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Садыр Жапаров.

Бішкектегі №1 тергеу абақтысында отырған Қырғызстан парламентінің экс-депутаты Садыр Жапаровқа сәуірдің 2-і күні таңертеңгі сағат 5:00 кезінде дәрігер шақыртылған деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі. Мемлекеттік жазаны орындау қызметінің хабарлауынша, Жапаровтың мойны мен қолынан өткір затпен тілінген жарақат іздері табылған. Дәрігерлер тұтқынды ИК 47 мекемесіндегі орталық түрме ауруханасына жіберген.

Қырғызстан мемлекеттік жазаны орындау қызметінің баспасөз хатшысы Александр Никсдорфтың хабарлуынша, жексенбі күні Жапаровқа орталық түрме ауруханасында операция жасалып, кейін жеке палатаға жатқызылған. Ол тұтқынның «жағдайы қанағаттанарлық, қан қысымы қалыпты екенін» айтқан. Никсдорфтың сөзінше, түрме ауруханасында Садыр Жапаровпен оның адвокаттары, арнайы прокуратура мен омбудсмен институты өкілдері кездескен.

«Олармен әңгімеде Жапаров денесін өзі жарақаттағанын айтты» дейді Никсдорф.

Жапаровтың туыстары «тұтқын өз-өзін жарақаттаған» дегенге сенбейтіндерін айтады. Олар бұл оқиғаға байланысты тәуелсіз тергеу жүргізуді талап етпекші.

Қырғызстан Жогорку Кенешінің бұрынғы депутаты, 2013 жылдан шетелде эмиграцияда жүрген оппозициялық саясаткер Садыр Жапаровты биыл наурыздың 25-і күні Қырғызстанға оралған кезде мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері ұстаған. Сол күні оны босатуды талап етіп Бішкекте шеруге шыққандардың кейбірі милиция ұстаған.

Билік оған 2013 жылғы қазанның 7-і күні Қарақолдағы шеру кезінде үкіметтің Ыстықкөл облысы бойынша өкілетті уәкілі Эмильбек Қаптағаевты наразылық акциясына қатысушылардың жібермей кепілде ұстағанына байланысты айып тағып отыр. Бұған дейін Садыр Жапаров ол оқиғаны биліктің өзі ұйымдастырған деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG