Accessibility links

Алматыда Әблязовтің сыртынан негізгі сот процесі басталды


Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (ортада) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл
Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (ортада) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл

Алматыда бүгін "БТА Банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов пен топ-менеджерлерінің үстінен негізгі сот тыңдауы басталды. Алматының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында басталған процесте Әблязовпен бірге сотқа тартылған банктің бұрынғы топ-менеджерлерінің бірі кінәсын толықтай, екеуі жартылай мойындады деп хабарлайды Informburo.kz ақпараттық сайты.

Сотқа "БТА Банктің" директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовпен қатар банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов, бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мамеш пен банктің несие беру бойынша бұрынғы директоры Қайрат Садықов тартылған. Әблязовтің өзі шетелде бас сауғалап жүргендіктен процесс оның сыртынан өтіп жатыр.

Informburo.kz ақпаратына қарағанда, Жақсылық Жарымбетов кінәсін толық мойындаған, ал Қайрат Садықов пен Сәдуақас Мәмеш ішінара мойындаған. Сотталушылар кінәларын мойындайтыны турасында судья Мәртбек Кәкімжановтың сұрақтарына жауабында айтқан.

Жақсылық Жарымбетов (оң жақта) адвокаты Нұрлан Өстеміровпен бірге. Астана, 30 қаңтар 2017 жыл.
Жақсылық Жарымбетов (оң жақта) адвокаты Нұрлан Өстеміровпен бірге. Астана, 30 қаңтар 2017 жыл.

Айыптаушы жақ Әблязов Лондонда жеке үйде жасырынған, Әблязов пен оның туыстарының Нью-Йоркте жылжымайтын мүліктері бар және оларын кейін Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың көмегімен сатпақ болған дейді.

"Интерфакс-Қазақстан" агенттігінің хабарлауынша, судья Кәкімжанов сот барысында 200-ге тарта куәдан жауап алынатынын айтқан.

Әблязовтің мемлекет тағайындаған адвокаты Анжелика Әжіғұлова, Жарымбетовтің адвокаты Өстеміров, Мәмештің адвокаттары Клименко және Ким, Садықовтың адвокаты Тәңірберген, "БТА Банкінің" өкілі, айыптаушы үш прокурор қатысып жатыр. Сотқа судья Мәртбек Кәкімжанов төрағалық етіп жатыр.

"БТА Банктегі" қаржы жымқыруға" қатысты қылмыстық іс бойынша Әблязов "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "БТА Банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану" баптары бойынша күдікті деп танылған.

Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған Мұхтар Әблязов 9 желтоқсанда бостандыққа шыққан. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды және өзіне қарсы істің саяси астары бар деп таниды.

XS
SM
MD
LG