Accessibility links

"Ақтөбе" клубының бұрынғы директорының соты басталды


"Ақтөбе" футбол командасының бұрынғы директоры Дмитрий Васильев (Сурет ҚФФ сайтынан алынды).
"Ақтөбе" футбол командасының бұрынғы директоры Дмитрий Васильев (Сурет ҚФФ сайтынан алынды).

Бүгін Ақтөбенің 2-сотында жергілікті "Ақтөбе" футбол клубына жетекшілік еткен кезінде бюджеттің 240 миллион теңгесін талан-таражға салды деп айыпталған Дмитрий Васильевтің соты басталды. Қылмыстық істі судья Гүлнәр Тлепова қарап жатыр.

Тергеу "2016 жылғы наурыз бен қыркүйек айларының аралығында 240 миллион 840 мың теңгені талан-таражға салды" деп күдіктеніп отырған Дмитрий Васильев былтыр 8 қараша күні ұсталған болатын. Соттың мәліметінше, оған қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімінің 2-пункті бойынша айып тағылған. "Ақтөбенің" экс-директоры 2016 жылғы 11 қарашадан бері үйқамақта отыр.

Соттың алғашқы отырысында мемлекеттік айыптаушы Елубай Таласов "Дмитрий Васильев талан-тараж қылған бюджетке тиесілі 240 миллион теңгенің 21 миллион 150 мың теңгесін өз қалтасына салған" деді. Бірақ "Ақтөбе" клубының бұрынғы директоры өзіне тағылған айыптың бір де біреуімен келіспей отыр.

Алғашқы сот отырысында сөз алған Дмитрий Васильев "өткен маусымда клубтың заңсыз әрекет еткенін" мәлімдеді

- 2016 жылғы футбол маусымы наурыздың 8-і күні басталды. Заң талаптарына сәйкес, маусым кезінде клубтың құқықтық статусын ауыстыруға мүлдем тыйым салынған. Соған қарамастан "Ақтөбе" футбол клубы акционерлік қоғам статусын алды. Демек, өткен маусымда "Ақтөбе" футбол клубы заңсыз әрекет етті. Осыған орай менің үстімнен қозғалған істі қылмыстық құрамының болмауына байланысты қысқартуыңызды сұраймын, - деді Дмитрий Васильев.

Судья Гүлнәр Тлепова экс-директордың бұл өтінішін қанағаттандырмай тастады.

Дмитрий Васильевтің ісі бойынша сот процесі. Ақтөбе, 3 сәуір 2017 жыл.

Дмитрий Васильевтің соты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:33 0:00

Дмитрий Васильевтің ісі бойынша "Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы Ескендірбек Маханов та күдікке ілініп, былтыр қарашаның 28-і қамауға алынған еді. Соттың алғашқы отырысында Ескендірбек Маханов та өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты. Тергеу Ескендірбек Махановқа қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімінің 2-пункті ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу"), 28-бабының 5-бөлімі ("Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушы"), 362-бабы 4-бөлімінің 3-пункті ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану")бойынша айып таққан.

Сот Дмитрий Васильев пен Ескендірбек Махановтың үстінен қозғалған істі біріктіріп, бірге қарамақ. Қазақстанға Ресейден келген Васильев "Ақтөбе" футбол клубын басқарғанға дейін "Жетісу" командасының директоры, Қазақстан футбол федерациясының бас менеджері қызметтерін атқарған. Ал Ескендірбек Маханов Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мекемесінің басшысы болып 2014 жылғы қараша айында тағайындалған болатын. Ол бұл қызметті 2016 жылдың 23 қарашасына дейін атқарды.

XS
SM
MD
LG