Accessibility links

Астана: Ресейдегі жарылысқа қазақстандықтың қатысы бар деуге ерте


Метродағы жарылыс болған вагон. Санкт-Петербург, 3 сәуір 2017 жыл.
Метродағы жарылыс болған вагон. Санкт-Петербург, 3 сәуір 2017 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Санкт-Петербург метросындағы жарылысқа қазақстандық студент Максим Арышевті қатысы бар деуге әлі ерте деп мәлімдеді. Министрліктің баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов бүгін таңертеңгі мәлімет бойынша, аты-жөні анықталған жарылыс құрбандары арасында Арышевтің жоғын айтады.

Әнуар Жайнақовтың Facebook-те жазуынша, 3 сәуір күні жергілікті уақыт бойынша сағат 21 шамасында Қазақстанның Санкт-Петербургтегі консулдығына Алматы тұрғыны Ирина Арышева телефон шалып, жарылыс болған соң Санкт-Петербург экономика университетінде 3-курста оқитын ұлы Максим Арышевпен байланыс үзілгенін хабарлаған. Арышев онда туыстарымен бірге тұрған. "Туыстарының айтуынша, Максим соңғы рет 3 сәуірде сағат 14:30 байланысқа шығып, сабақтан соң "Сенная площадь" станциясынан "Технология институты" станциясы арқылы үйіне түстенуге келе жатқанын хабарлаған" дейді Жайнақов.

3 сәуірде Санкт-Петербургте метроның "Технология институты" және "Сенная площадь" станцияларының арасында вагонда жарылыс болып, кем дегенде 10 адам қаза тапқан. Бұған дейін ресейлік бірқатар ақпарат құралдары жарылысты Қазақстан азаматы жасаған болуы мүмкін деп хабарлаған еді. Ресей бас прокуратурасы жарылысты теракт деп атаған.

"Максим Арышевтің Санкт-Петербургтегі терактіге қатысы бар деуге әлі ерте. Оны іздеу жалғасып жатыр. БАҚ-тардағы хабарламаларда берілген суреттегі адам Максим Арышев емес" деп жазды Әнуар Жайнақов.

XS
SM
MD
LG