Accessibility links

Ақтөбеде "газды шетелге заңсыз тасымалдаған қылмыстық топ" әшкереленген


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысының әкімдігі облыста сұйытылған газ тапшылығы туындаған соң "облыс халқының ішкі сұранысына бөлінген газды шетелге заңсыз тасымалдаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілгенін" хабарлады. Облыс әкімдігінің мәліметінше, газ тапшылығы басталған соң мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі, Бас көлік прокуратурасының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің, облыстық ішкі істер департаменті мен ішкі істер желілік бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларын жүргізген.

"Бірлескен іс-əрекет нәтижесінде Ақтөбе бекетінде экономикалық контрабанда жасаған, облыс халқының ішкі пайдалануына арналған аса ірі көлемдегі сұйылтылған газды шет елге заңсыз тасымалдап, өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді" делінген ресми хабарламада.

Әкімдік таратқан ақпаратта күдіктілердің Ақтөбе облысының газ желісі ұйымдарының аумағында ұсталғаны ғана айтылады. Бірақ олардың нақты саны, қандай айып тағылып отырғаны туралы хабарланбады.

Өткен аптада Ақтөбе облысында сұйылтылған газ тапшылығы байқалған болатын. Оны облыстық әкімдік Ақтөбедегі сұйытылған газ тапшылығын облыста газға ауыстырылған көлік санының 54 пайызға артуымен және энергетика министрлігі бөлген квотаның өңір қажеттілігін толық өтей алмай отырғандығымен байланыстырған еді.

XS
SM
MD
LG