Accessibility links

Әблязовке қатысты сотта Жарымбетов сөйледі


Жақсылық Жарымбетов, "БТА Банк" қаржысын жымқыру ісінде айыпталушы.
Жақсылық Жарымбетов, "БТА Банк" қаржысын жымқыру ісінде айыпталушы.

Алматыда бүгін "БТА Банктің" бұрынғы басшыларының үстінен банк қаржысын жымқыру ісіне қатысты коррупциялық іс бойынша сот жалғасты. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, бүгінгі сотта банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов сөйледі. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындайтынын, бірақ өзін банктің директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы "Мұхтар Әблязовтің қылмыстық ісінің құрбаны болғанын" айтты. Жарымбетов өзінің "банкир емес, бизнесмен" екенін айтып, банкте болып жатқан операциялардың бүге-шігесін түсінбегенін, кей операциялардың заңсыз екенін білсе де, оның масштабын Қазақстанға келіп қылмыстық іспен танысқан соң түсінгенін айтты.

Сотқа "БТА Банктің" директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовпен қатар банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов, бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мамеш пен банктің несие беру бойынша бұрынғы директоры Қайрат Садықов тартылған. Әблязовтің өзі шетелде бас сауғалап жүргендіктен процеске оның орнына мемлекет тағайындаған адвокат Анжелика Әжіғұлова қатысып жатыр.

Жарымбетов бүгін Азаттық тілшісіне кешелі бері өзін Нұржан Оразалинов деген басқа адвокат қорғап жатқанын айтты. Бұған дейінгі адвокаты Нұрлан Өстеміров уақытша басқа жаққа кетіп қалған. Өстеміров келесі аптада келіп, Жарымбетовті қорғауға қайта кіріседі.

Кеше прокурорлар айыптау актісін оқыған. Ол бойынша, тергеушілер Әблязовті құрамына 100-ден астам адам кіретін ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп санайды. Кешегі сотта судья Мәртбек Кәкімжановтың "кінәларыңызды мойындайсыздар ма" деген сауалына Жарымбетов кінәсін толық мойындайтынын, Мәмеш пен Садықов ішінара мойындайтынын айтқан.

"БТА Банктегі" қаржы жымқыруға" қатысты қылмыстық іс бойынша Әблязов "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "БТА Банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану" баптары бойынша күдікті деп танылған.

Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған Мұхтар Әблязов 2016 жылы 9 желтоқсанда бостандыққа шыққан. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды және өзіне қарсы істің саяси астары бар деп таниды.

XS
SM
MD
LG