Accessibility links

Прокурор Құшақбаевты 3 жылға соттауды сұрады


Нұрбек Құшақбаев сот залындағы оқшауланған камерада отыр. Астана, 3 сәуір 2017 жыл.
Нұрбек Құшақбаев сот залындағы оқшауланған камерада отыр. Астана, 3 сәуір 2017 жыл.

Астанада өтіп жатқан сотта прокурор Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (OCC) кәсіпорнының жұмысшылары кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевты үш жылға соттауды сұрады.

Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, соттың жарыссөз кезеңінде сөйлеген прокурор Қанат Дәрібай Құшақбаевты қылмыстық кодекстің 402-бабының 2-бөлігі бойынша ("заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату") айыпты деп тауып, үш жылға бас бостандығынан айыру және өзін сотқа берген Techno Trading компаниясына 25 миллион 200 мың теңге көлемінде материалдық шығын өндіріп беру жазасны кесуді сұрады. Прокурор сонымен қатар Құшақбаевты кәсіподақ қызметімен айналысу құқығынан үш жылға айыруды да сұрады.

Techno Trading өкілі Нұрсұлтан Бегендік "Қандай шешім шықса да, компания шығыны өтелсе болды" деді.

Бұдан соң Құшақбаевтың адвокаты Төлеген Шаиков сөйледі. Ол Құшақбаевтың жас баласы, әйелі барын ескеріп, оған бас бостандығынан айырмайтындай жаза кесуді сұрады.

Құшақбаев пен оның тағы бір адвокаты Гүлнәр Жуаспаева жарыссөзде енді сөйлейді.

Маңғыстау облысында мұнай саласына қызмет көрсететін Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподақ ұйымының жетекшісі 56 жастағы Әмин Елеусінов пен осы кәсіподақтың еңбек инспекторы 35 жастағы Нұрбек Құшақбаев Ақтауда биыл қаңтардың 5-інен 21-іне дейін ОСС кәсіподағы кеңсесінде өткен мұнайшылардың жаппай аштық акциясы кезінде ұсталып, Астанаға жеткізілген соң екі айға қамауға алынған. Аштық жариялаған мұнайшылар Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын тіркеуді талап еткен болатын. Министр Тамара Дүйсенова мұнайшылардың Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы заңнамаға сәйкес берілген 2015 жылдан бастап бір жарым жыл ішінде толық тіркеуден өте алмағандықтан тіркелмегенін айтады.

Әмин Елеусіновке қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі бойынша ("сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу"), Нұрбек Құшақбаевқа – 402-баптың 2-бөлігі бойынша ("заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату") айыптар тағылған.

XS
SM
MD
LG