Accessibility links

Нұрбек Құшақбаев соттан өзін ақтауды сұрады


Нұрбек Құшақбаев сот залындағы оқшауланған камерада отыр. Астана, 3 сәуір 2017 жыл.
Нұрбек Құшақбаев сот залындағы оқшауланған камерада отыр. Астана, 3 сәуір 2017 жыл.

Астанада өтіп жатқан сотта Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (OCC) кәсіпорнының жұмысшылары кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев судьядан өзін ақтауды сұрады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Жарыссөзде сөйлеген Құшақбаев өткен жылғы 25 желтоқсан мен қаңтардың 4-і аралығында Түркияда демалыста болғанын, оған билетті екі ай бұрын алып қойғанын айтып, мұнайшыларды ереуілге шақырмағанын айтты. Ол осыған байланысты судья Айжан Күлбаевадан өзін ақтауды сұрады. OCC жұмысшылары 5 қаңтарда Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтарының федерациясын жабуға қарсылық танытып, аштық акциясын бастаған.

Бүгін жарыссөзде сөйлеген прокурор Қанат Дәрібай Нұрбек Құшақбаевты қылмыстық кодекстің 402-бабының 2-бөлігі бойынша ("заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату") айыпты деп тауып, үш жылға бас бостандығынан айыру және өзін сотқа берген Techno Trading компаниясына 25 миллион 200 мың теңге көлемінде материалдық шығын өндіріп беру жазасны кесуді сұраған. Прокурор сонымен қатар Құшақбаевты кәсіподақ қызметімен айналысу құқығынан үш жылға айыруды да сұраған.

Құшақбаевтың адвокаттары Төлеген Шаиков пен Гүлнәр Жуаспаева Құшақбаевтың жас баласы, әйелі барын ескеріп, оған бас бостандығынан айырмайтындай жаза кесуді сұрады. Олар Құшақбаевтың 25 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында Түркияда демалғаны туралы құжаттарын көрсетіп, оның жұмысшыларды заңсыз ереуілді жалғастыруға арандатпағанын айтты.

Судья Құшақбаевқа үкімнің 6 сәуірде жарияланатынын айтып, үзіліс жариялады.

XS
SM
MD
LG