Accessibility links

Ақтөбеде екі серіктестік "газ тапшылығына күдікті" болды


Қазақстандағы қалалардың біріндегі газ бағасы. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы қалалардың біріндегі газ бағасы. (Көрнекі сурет)

Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті бүгін облыстық әкімдікте өткен брифингте "аймақтағы сұйылтылған газ тапшылығына қатысы бар болуы мүмкін" екі серіктестікті атады.

Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма жетекшісі Артур Хайрудиновтің айтуынша, "бұл серіктестіктер зауыттан жіберілген әлеуметтік газды жергілікті бекеттерге бөліп беруі тиіс болған, бірақ олар аса ірі көлемдегі әлеуметтік газды мол пайда табу мақсатында теміржол көлігімен шекара асырып келген".

"Экономикалық контрабандамен айналысқан бұл серіктестіктердің аумағында әлі де тінту, тексеру жүргізіліп жатыр. Қазақстанның бас көлік прокуратурасы, ҰҚК-нің Ақтөбедегі департаменті, Ақтөбе облыстық ІІД мен мемлекеттік кірістер департаментінің тергеу қызметі ұйымдасқан қылмыстық топты әшкереледі. Тергеу мүддесіне сай әзірге қанша адамның ұсталғанын айта алмаймыз" деді Артур Хайрудинов.

Әзірге белгілісі - күдіктілердің бірнеше адам екендігі ғана. Олар «аса ірі көлемдегі әлеуметтік газды Ақтөбеден тысқары жерлерге тасымалдап, сатты», «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды», «экономикалық контрабандамен айналысты» деген күдікке ілінген.

Өткен аптада Ақтөбе облысында сұйылтылған газ тапшылығы байқалған. Облыстық әкімдік оны облыста газға ауыстырылған көлік санының 54 пайызға артуымен және энергетика министрлігі бөлген квотаның өңір қажеттілігін толық өтей алмай отырғанымен байланыстырған.

XS
SM
MD
LG