Accessibility links

БҰҰ Сириядағы ықтимал химиялық шабуылды тексермек


Идлиб провинциясының Хан-Шейхун қаласында ықтимал химиялық шабуылдан зардап шеккен бала. Сирия, 4 сәуір 2017 жыл.

БҰҰ-ның әскери қылмыстарды тергеуші мамандары Сирияның Идлиб провинциясындағы кем дегенде 58 адам қаза тапқан ықтимал химиялық шабуылды тексеруге кірісті. БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистураның хабарлауынша, барлық айғақтар шабуылдың "химиялық шабуыл болғанын және оның әуеден жасалғанын" көрсетіп тұр. Бүгін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі оқиғаны талқылау үшін шұғыл жиын өткізеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп ресми мәлімдеме жасап, шабуылды "айыптайтын жағдай" деп атады және оны "елемей қоя салуға болмайды" деп мәлімдеді. Ол Сирия президенті Башар Асадтың "жексұрындық қылығы" үшін кінәні өзі "әлсіздік танытты және батыл болмады" деп айыптаған бұрынғы президент Барак Обаманың әкімшілігіне жапты.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Сирия үкіметінің негізгі одақтастары әрі Сириядағы бітімге кепіл Ресей мен Иранның Идлибтегі шабуыл үшін "үлкен моральдық жауапкершілік арқалайтынын" мәлімдеді. Ол Мәскеу мен Тегеранды мұндай шабуылдардың қайталанбауына ықпал етуге шақырды.

4 сәуірде Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясының көтерілісшілер бақылайтын Хан-Шейхун қаласында химиялық шабуылға ұқсас шабуылдан 58 адам қаза тапқан. Syrian Observatory for Human Rights ұйымының мәліметінше, Сирия, я Ресей авиациясы жасаған әуе шабуылынан соң ондаған адамның тыныс алуы қиындап, түрлі симптомдар пайда болған. Қаза тапқандардың көпшілігі - бейбіт тұрғындар.

XS
SM
MD
LG