Accessibility links

ҰҚК: Астрахандағы полицияны өлтіруге күдіктілердің бірі Атырауда ұсталды


Атырау полициясы (Көрнекі сурет).

Ресейдің Астрахань қаласында полицияның екі қызметкерін өлтірді деген сезіктілердің бірі, Қазақстанда туған Ресей азаматы Атырауда ұсталды деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметі.

"Жүргізілген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Қазақстанда 1990 жылы туған Әділбек Ғизатов Атырау облысынан табылды. Ғизатовтың республика территориясына 31 наурызда осындағы кәсіпорындардың біріне вахталық әдіспен жұмыс істеуге келгені анықталды" делінген ҰҚК хабарламасында. Комитет ақпаратына қарағанда, Ғизатов қарулы шабуылға қатыспаған. Қазір оны аталған қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтау үшін Ресейге беру мәселесі шешіліп жатыр.

4 сәуірде Астраханда "Магистраль" дүкенінде белгісіз адамдар жол-патруль қызметінің экипажына шабуылдап, екі полиция қызметкерін өлтіріп кеткен. Ресей тергеу комитеті шабуылдағандар полиция қызметкерлеріне бірнеше рет оқ атып, одан соң табельдік қаруын тартып алып, оқиға орнынан ізін суытқан дейді. Ресейлік тергеушілер шабуылға күдікті Ресейдің сегіз азаматы анықтаған. Кейін шабуылға күдіктілердің екеуінің Қазақстанда туғаны хабарланған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG