Ресей Мемлекеттік думасының төрағасы Вячеслав Володин Ресей коммунистік партиясы депутаттарының Коррупциямен күрес қорының (ККҚ) "премьер Дмитрий Медведевтің құпия империясы туралы" зерттеуіндегі ақпаратты тексеру ұсынысына қарсы шықты. Бұл туралы екі депутатқа сілтеме жасаған РБК агенттігі хабарлады.
Депутаттардың айтуынша, Володин "ұсынысты қолдау – Навлаьныйды қолдау" дегенді білдіреді дейді. Мемлекеттік дума басшысы ККҚ тергеуін қараудың мәні жоғын, себебі ондағы ақпараттың "жалған" екенін айтады. Оның пікірінше, "думаны бұл тақырыпқа араластыру дұрыс емес".
"Барлық фракцияда премьерді батыс арнайы қызметтерінің даусымен сайрайтын Навальныйдың орынсыз тисуінен қорғау үшін бірігу керек деген түсінік бар" деген Володин.
Коммунистік партия фракциясының ККҚ зерттеуіндегі фактілерді тексеру туралы ұсынысы Мемлекеттік думада 5 сәуірде қаралмақ. Ұсыныс қабылдануы үшін оны 226 депутат қолдауы тиіс. Мемлекеттік думадағы 450 депутаттық орынның 343-і билікшіл партияларға тиесілі.
Бұған дейін депутаттар Медведевке ол парламентте үкіметтің 2016 жылы атқарылған жұмысы туралы баяндама жасайтын кезінде ККҚ зерттеуіне қатысты сұрақтар қоюдан бас тартқан. ККҚ зерттеуі Ресейдің ондаған қаласында коррупцияға қарсы шерулердің өтуіне себеп болды.