Accessibility links

Иранда күшті жер сілкінісі болып, бір адам қаза тапты


Иранның Мешхед қаласы.
Иранның Мешхед қаласы.

Иранның солтүстік-шығысында қуаты 6,1 магнитуданы құрайтын жер сілкінісі болып, бір адам қаза тапты. Зілзала ошағы Мешхед қаласының маңында тіркелген. Зілзаладан төрт адам жараланды.

Жерасты дүмпулері 5 сәуірде жергілікті уақыт бойынша сағат 10:40-та (Астана уақытымен 12:40) Мешхедтен оңтүстік-шығысқа қарай 80 километр жерде тіркелген деп хабарлайды АҚШ-тың геологиялық қызметі мен Иран БАҚ-тары. Кейбір мәліметтер бойынша, аталған аумақта зілзала дүмпуі әлсін-әлсін қайталанған.

Иранның Tasnim агенттігінің хабарына қарағанда, Фариман қаласы маңындағы елді мекенде бір адам қаза тауып, төрт адам жараланған. Зардап шекккен кейбір аудандарда телефон байланысы үзілген. Интернетте жарияланған суреттерде ғимараттарға терең сызаттар түсіп, зақымданғаны көрінеді.

Иран төтенше жағдайлар қызметінің баспасөз хатшысы Моджтаб Халедидің сөзінше, елді мекендер мен шағын қалалардағы тұрғындар арасында құрбан болғандар бар болуы мүмкін деген қауіп бар. Ол жер сілкінген ауданға Қызыл Крест өкілдігі мен төтенше жағдай қызметінің командалары жіберілгенін айтады.

Сейсмикалық аймақта орналасқан Иранда жер сілкінісі жиі болып тұрады. 2003 жылы магнитудасы 6,6 балды құрайтын зілзаладан 26 мыңға тарта адам құрбан болып, елдің оңтүстік-шығысындағы тарихи Бам қаласы ішінара қираған.

XS
SM
MD
LG