Accessibility links

Мәскеуде Мирзияев пен Путин келіссөз өткізді


Өзбекстан мен Ресей президенттері Шавкат Мирзияев және Владимир Путин. Кремль, Мәскеу, 5 сәуір 2017 жыл.
Өзбекстан мен Ресей президенттері Шавкат Мирзияев және Владимир Путин. Кремль, Мәскеу, 5 сәуір 2017 жыл.

Мәскеуге мемлекеттік сапармен барған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Оған дейін Мирзияев Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевпен келіссөз өткізген. Кездесуде газ кеніштерін игеру мәселелері, сонымен бірге терроризмге қарсы күрес мәселесі талқыланған.

Келіссөздер кезінде Ресей президенті Владимир Путин Шавкат Мирзияев Өзбекстанда билікке келгелі бері өткен аз ғана уақыттың ішінде екі ел арасында сауда қарым-қатынастары елеулі түрде кеңейгені туралы мәлімдеген деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы).

«Бүгінгі сапарыңыз, біздің бірлескен жұмысымыз екіжақты байланысты нығайтудағы алға басқан тағы бір өте елеулі қадам болатындығына үміт қана емес, сенім білдіремін. Кремльге қош келдіңіз деп сізді шын жүректен қарсы алуға рұқсат етіңіз» деген Путиннің сөзін келтіреді Озодлик радиосы.

Өзбекстан басшысы өз кезегінде Владимир Путинге Ресей тарабының Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің ескерткішін орнатуға Мәскеудің орталығында орын бергені үшін алғысын білдірген.

«Бұл сквер біздің халықтарымыздың арасында достықты нығайтудың көпіріне айналады деп ойлаймын» деген Өзбекстан президенті.

Шавкат Мирзияевтің Мәскеуге сапары кезінде 55 құжатқа, соның ішінде экономика саласы бойынша жалпы сомасы 16 миллиард доллардың келісіміне қол қойылады деп жоспарланған.

Бұл Өзбекстан президенті болып сайланғалы Шавкат Мирзияевтің Ресейге алғашқы мемлекеттік сапары. Бұған дейін ол Түркіменстан мен Қазақстанда сапармен болған.

Өзбекстан үшін Ресей Қытайдан кейін екінші орында тұрған ірі экономикалық серіктес болып саналады. Соңғы бес жылда Өзбекстан экономикасына салынған ресейлік инвестиция көлемі алты миллиард доллардан асқан. Өзбекстан Ресейге негізінен ауылшаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарады.

XS
SM
MD
LG