Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы метрода болған терактіден кейін Франция астанасында полицияға метро мен пойыздағы жолаушыларды себебін түсіндірместен тінтуге құқық берілген. Жаңа шаралар Францияда әлі қолданыстағы төтенше жағдайлар режимі аясында қабылданып отыр деп жазады Le Parisien басылымы.
Сәуірдің 3-і күні Санкт-Петербургте метрода жасалған теракт салдарынан 14 кісі қаза тауып, 50-ге жуық адам жараланған. Ресейдегі теракт туралы жаңалықтан соң Франция астанасында қоғамдық көліктегі қауіпсіздік шараларын бірден күшейткен.
Террорлық шабуылға ұшыраған Ресеймен ынтымақтастық белгісі ретінде Париж мэриясы сәуірдің 5-іне қараған түні Эйфель мұнарасындағы жарық шамдарын сөндірген. Франция президенті Франсуа Олланд, сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамп, Германия канцлері Ангела Меркель және батыс елдерінің өзге де саясаткерлері қайғылы оқиғаға байланысты Ресейге көңіл айтқан.