Accessibility links

Yahoo ісі бойынша айыпталған Карим Баратов өзін босатуды сұрады


Канадалық БАҚ-тағы Қазақстаннан шыққан Карим Баратовтың ұсталғаны туралы ақпарат скриншотынан үзінді.
Канадалық БАҚ-тағы Қазақстаннан шыққан Карим Баратовтың ұсталғаны туралы ақпарат скриншотынан үзінді.

АҚШ-тағы Yahoo интернет компаниясының серверлеріне ауқымды кибершабуыл жасау ісінде айыпталған, Қазақстаннан шыққан Карим Баратов Канада сотынан өзін кепілге босатуды сұрады. АҚШ билігі Канадада ұсталған Баратовты Ресей арнайы қызметінің агенттерімен астыртын сөз байласқан деп айыптайды.

Канада прокуратурасы ресейлік агенттермен байланысы бар делінген Карим Баратов қамаудан босатылса қашып кетуі мүмкін деп, оның кепілге босату өтінішіне қарсылық білдірді. Баратовтың адвокаттары оның ата-анасының сот босату туралы шешім қабылдаса кепіл болуға дайын екенін мәлімдеді. Баратовтың әкесі Ахмет Тоқбергенов сотқа аудармашы арқылы қайырылып, егер сот талап етсе үйінде интернетті ажыратуға дайын екенін білдірді.

22 жастағы Баратов 2014 жылы интернет бизнесін тіркегенін, сол жылы веб-сайттарды, веб-хостингтерді тіркеу және серверлерді хакерлік шабуылдардан қорғаудан түскен табысы 81 мың долларға жуықтағанын мәлімдеді.

Прокуратураның пікірінше, Баратовты Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) агенттері Игорь Сущин мен Дмитрий Докучаев хакер ретінде жалдаған. Хакерлік шабуыл бойынша бұл агенттерге де айып тағылған.

Қазақстаннан шыққан Баратов 2007 жылы Канадаға кетіп қалып, 2011 жылы сол елдің азаматтығын алған. Ол Вашингтонның сұрауы бойынша өткен айда Канадада ұсталған. Енді оны АҚШ-қа экстрадициялау мәселесі шешілуі керек.

XS
SM
MD
LG