Accessibility links

Астраханда полицияға шабуылдады деген күдіктілердің көзі жойылды


Ресей полициясы (Көрнекі сурет).
Ресей полициясы (Көрнекі сурет).

Астраханда полиция қызметкерлері мен Росгвардия сарбаздарына шабуыл жасады деген төрт күдіктінің көзі жойылды. Бұл туралы Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкин Twitter-де хабарлады.

Бұған дейін күдіктілерге іздеу жарияланған болатын. Олар құқық қорғау қызметкерлерінің өміріне қол сұқты және қаруын ұрлады деген күдікке ілінген.

4 сәуірге қараған түні Астраханда белгісіз адамдар екі полиция қызметкеріне жол-көлік оқиғасына құжат толтырып жатқанда шабуылдаған. Жол-патруль қызметінің екі қызметкері қаза тауып, шабуылдағандар олардың қаруын алып, оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін олардың екеуі ұсталған.

Ал 6 сәуірге қараған түні бекетте қарауылдап тұрған Росгвардияның үш сарбазына шабуыл жасалып, сарбаздар жараланды. Атыс кезінде шабуылдағандардың бірі оққа ұшты. Тағы үш шабуылдаушы қалада жүргізілген арнайы операцияда көздері жойылды.

Губернатор Александр Жилкин бұған дейін шабуылға күдіктілерді "радикалдық исламшылдар тобы" деп атаған.

Бұған дейін Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Астраханда полиция қызметкерлерін өлтірді деген сезіктілердің бірі, Қазақстанда туған Ресей азаматы Әділбек Ғизатовтың Атырауда ұсталғанын хабарлаған. ҰҚК мәліметінше, Ғизатов республика территориясына 31 наурызда осындағы кәсіпорындардың біріне вахталық әдіспен жұмыс істеуге келген және қарулы шабуылға қатыспаған. ҰҚК оны аталған қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтау үшін Ресейге беру мәселесі шешіліп жатқанын айтқан.

XS
SM
MD
LG