Accessibility links

Трамп пен Меркель Ауғанстан мен Шығыс Украинадағы жағдайды талқылаған


АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) және Германия канцлері Ангела Меркель. Вашингтон, 17 наурыз 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) және Германия канцлері Ангела Меркель. Вашингтон, 17 наурыз 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Германия канцлері Ангела Меркельмен телефон арқылы сөйлесіп, «екі елдің алаңдаушылығын тудырған» проблемалар туралы, соның ішінде Украинаның шығысындағы жанжал мен Ауғанстандағы жағдайды талқылаған. Бұл туралы Ақ үй сәуірдің 5-і күні таратқан ақпаратта айтылған. Екі елдің жетекшілері «осы және өзге мәселелер бойынша тығыз ынтымақтастықтан» айнымайтындарын айтты деп мәлімдейді Ақ үй.

Трамппен алғаш рет наурыздың 17-і күні Вашингтонда бетпе-бет кездескен кезде Меркель Германия Ауғанстандағы НАТО әскери миссиясына қатысуын жалғастырады деп мәлімдеген. Бірақ кей мәселелер бойынша, соның ішінде босқындар дағдарысы мен сауда қатынастарына байланысты Меркельдің ұстанымы АҚШ президентінің көзқарасымен үйлеспейді.

Трамп өткен жылы сайлау алдындағы науқан кезінде Меркельдің Сирия, Ауғанстан және соғыстан зардап шеккен өзге елдерден мыңдаған босқын қабылдау жөніндегі саясатын қатты сынаған. Бірақ Меркельмен кездесуден кейін Трамп Германия канцлері атына сын айтпаған. Соған қарағанда АҚШ президенті Еуропадағы экономикасы ең ірі елдің жетекшісімен тығыз қарым-қатынас ұстануға ниетті тәрізді дейді сарапшылар.

XS
SM
MD
LG