Accessibility links

Қарағанды облысында бірнеше өзенде мұз жарып жатыр


Қарағанды облысындағы бірнеше елді мекен жанынан ағатын өзендерде мұз жару жұмыстары басталды. Бұл алдын ала шара өзен арнасын мұз бітеп қалмауы үшін жасалып жатыр деп хабарлады бүгін Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті. Бұқар Жырау ауданындағы Мұстафин, Петровка, Шешенқара ауылдары маңынан ағатын Нұра өзенінде, сонымен бірге Нұра ауданындағы Баршын мен Құланөтпес ауылдары қасындағы Жаманкөң және Құланөтпес өзендерінде мұзды жаруға ондаған килограмм жарылғыш зат қолданылған.

Билік орындары тасқын қаупінен сақтық мақсатында эвакуациялық шаралар пысықталып, бөгеттер тұрғызылып, өзен деңгейін қадағалау үшін тәулік бойы мониторинг жүргізіледі деп сендіреді. Қарағанды облысында тасқынға қарсы негізгі кешенді шаралар Қарқаралы және Шет аудандарында атқарылып жатқаны хабарланды.

Биліктің ақпараты бойынша, сәуірдің 5-і күні Шет ауданындағы Шопа ауылына апаратын жолды су алып кеткен соң көлік байланысы тоқтатылған. Оған Шерубай-Нұра өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі себеп болған. Өзен арнасынан асып, тереңдігі бір метрдей болатын судың ені он метрге дейін жеткен. Ол маңға бақылау бекеттері қойылған.

Қарқаралы ауданындағы Ынталы ауылында бірнеше аула суда қалған. Ресми ақпарат бойынша, су деңгейі бірнеше сантиметрге көтерілген. Жаңажол бөлімшесінде еріген қар суының беті қайтқаннан кейін электр желісін қалпына келтіру жұмыстарына кіріспек.

Қарағанды облысында тасқын су кесірінен соңғы бірнеше күннің ішінде бес адам қаза болған. Адамдар тасқын суда қалып, мерт болған екі төтенше оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тексеру жүргізіліп жатыр.

XS
SM
MD
LG