Accessibility links

Еуропарламент Ресейді Алексей Навальныйды босатуға шақырды


Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный.
Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный.

Еуропалық парламент Ресей билігін наурыздың 26-сы күні бейбіт акцияға шыққаннан кейін қамалған ресейлік оппозиционер Алексей Навальный мен өзге де адамдарды, сонымен бірге ұсталған журналистерді дереу босатуға шақырды.

Сәуірдің 6-сы күні Еуропарламенттегі барлық депутаттық фракциялар бірауыздан қолдап қабылдаған қарарда «Алексей Навальныйдың үнемі аузын жабуға тырысу» әрекетін айыптап, оның коррупциямен күрес қорының мемлекеттік құрылымдардың барлық деңгейіндегі қаржыға қатысты заң бұзу оқиғаларын әшкерелеуге бағытталған күш-жігеріне қолдау танытқан.

Бұған қоса құжат авторлары Навальныйды «Кировлес» ісі бойынша шартты жазаға кескен сот үкіміне байланысты алаңдаушылық білдірген. Еуропарламент биліктің шешімі - Навальныйды «саяси аренадан кетіру амалы» деп біледі.

Еуропарламент депутаттары Еуропа Одағының барлық елдері мен саяси күштерін Ресеймен қарым-қатынаста құқық қорғау мәселесі маңызды екендігін бірге көтеруге шақырған.

Наурыздың 26-сы күні бүкіл Ресей бойынша өткен коррупцияға қарсы акциялардан кейін бір ғана Мәскеу қаласының өзінде мыңнан астам адам ұсталған. Арасында Навальный да бар ондаған адам әртүрлі мерзімге әкімшілік қамауға алынған.

XS
SM
MD
LG