Accessibility links

Алматыда Санкт-Петербургте қаза тапқан Максим Арышевпен қоштасты


Санкт-Петербургтегі терактіде қаза тапқан Максим Арышевпен қоштасу рәсімі. Алматы, 7 сәуір 2017 жыл.

Алматыда бүгін Қазақстан президенті іс басқармасы медициналық орталығының орталық клиникалық ауруханасында Санкт-Петербург метросындағы терактіден қаза тапқан алматылық Максим Арышевпен қоштасу рәсімі өтті.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сағат 10-да басталған қоштасу рәсіміне екі жүзге тарта адам - Арышевтың туыстары, жолдастары, сыныптастары, сабақ берген мұғалімдері келді. Қоштасу рәсімінен соң оны Алматы маңындағы зираттардың біріне жерлеуге алып кетті.

Максим Арышевпен қоштасу рәсіміне жиналған тұрғындар. Алматы. 7 сәуір 2017 жыл.
Максим Арышевпен қоштасу рәсіміне жиналған тұрғындар. Алматы. 7 сәуір 2017 жыл.

Максимнің анасы Ирина Арышеваның Азаттыққа айтуынша, ұлы Алматыда жекеменшік мектепте оқыған. Мектепті бітірген соң Санкт-Петербургке оқуға кеткен. Санкт-Петербург мемлекеттік экономика университетінде үшінші курсында оқып жүрген Максим оқуын бітірген соң Қазақстанға қайтып келіп, IT саласында жұмыс істегісі келген.

Ата-анасы мен мұғалімдерінің айтуына қарағанда, метрода теракт болған сәтте Максим жарылған бомбаға өте жақын жерде болып, қатты соққы алған.

Санкт-Петербургте 3 сәуір күні күндіз метроның "Сенная площадь" және Технология институты" станцияларының арасында вагонда жарылыс болған. Жарылыстан 14 адам, оның ішінде қазақстандық студент Максим Арышев те қаза тапты, 50-ге жуық адам жараланды.

XS
SM
MD
LG