Ақтөбеде "перзентханадан шыға сала сәбиін сатты" деп айыпталған әйелдің соты басталды. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот мәліметінше, айыпталушының жасы 32-де. Ол биыл қаңтардың 16-сы күні өмірге келген ұлын "құрбысының танысына сатып жатқан жерінен ұсталған". Тұрақты жұмысы мен баспанасы жоқ әйел "некесіз туған баласын 60 000 теңгеге бағалаған".
"32 жастағы ақтөбелік Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 135-бабы 2-бөлімінің 1-пункті ("кәмелетке толмағандар саудасы") бойынша айыпталып отыр. Бұл дерек бойынша, айыпталушының делдал болған құрбысы мен баланы сатып алмақ болған егде әйел де қылмыстық жауапкершілікке тартылады" деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сот 6 сәуір күні басталды. Анасы перзентханада Әділ деп ат қойған сәби қазір жетімдер үйінде.