Accessibility links

SOHR: АҚШ-тың Сирия әуе базасына шабуылынан 4 адам қаза тапты


АҚШ зымыранмен атқылаған Сирияның батысындағы Хомс провинциясында орналасқан Шайрат әуе базасының ғарыштан түсірілген көрінісі.
АҚШ зымыранмен атқылаған Сирияның батысындағы Хомс провинциясында орналасқан Шайрат әуе базасының ғарыштан түсірілген көрінісі.

АҚШ-тың Сирияның Хомс қаласына жақын Шайрат әуе базасын зымыранмен атқылауынан төрт сарбаз, оның ішінде бір офицер қаза тапты деп хабарлады Syrian Observatory for Human rights (SOHR) ұйымы. Идлиб провинциясындағы бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қарумен жасалған шабуылға жауап ретінде берілген зымыран соққысынан әуе базасының нысандары мен техникалары толықтай қираған.

АҚШ әскері 7 сәуірге қараған түні Сирияның батысындағы Шайрат әуе базасына Жерорта теңізіндегі әскери кемелерінен 59 "Томогавк" қанатты зымырандарын атқан.

"Бұл әуе базасы толықтай қирады: ұшу-қону жолақтары, жанармай құю көліктері мен әуе қорғанысы күштерінің күлі көкке ұшты" деді өз дереккөздеріне сілтеме жасаған SOHR.

Сирия әскерилері АҚШ шабуылына қатысты ұйым мәліметтеріне әзірге комментарий берген жоқ. Пентагон әуе базасында химиялық қарулар сақталып, Сирия үкіметінің ұшақтарына қызмет еткенін айтады.

Пентагон зымырандар әскери ұшақтарды, мұнай қоймалары мен логистикалық қоймаларды, оқ-дәрі сақталған бункерлерді, әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерін және радарларды нысанаға алғанын айтады.

Пентагон өкілі, әскери-теңіз флотының капитаны Джефф Дэвистің айтуынша, зымыран шабуылы "екі минутқа" ғана созылған.

АҚШ барлау қызметінің агенттері 4 сәуірде химиялық қаруды қолданып шабуыл жасаған әскери ұшақ Шайраттан ұшып шыққан дейді. Химиялық қарумен жасалған шабуылдан соңғы мәліметтер бойынша 86 адам қаза тапты, құрбандар арасында балалар мен әйелдер де бар.

XS
SM
MD
LG