Accessibility links

Шымкентте тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан сарбаздарды еске алды


1995 жылы тәжік-ауған шекарасындағы жанжалда қаза тапқан қазақстандық сарбаздарды еске алу шарасы. Шымкент, 7 сәуір 2017 жыл.
1995 жылы тәжік-ауған шекарасындағы жанжалда қаза тапқан қазақстандық сарбаздарды еске алу шарасы. Шымкент, 7 сәуір 2017 жыл.

Бүгін Шымкенттегі Абай саябағында тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан сарбаздарды еске алу шарасы өтті. Шараға әскерилермен бірге қаза тапқан сарбаздардың туыстары да қатысты. Шара соңында Шымкенттегі 6698 әскери бөлімінде 17 сарбазға арналған ескерткіш ашылды.

1995 жылы шекарада қаза тапқан сарбаздың бірі Қалмахан Бақбаевтың анасы Ұрқия Бақбаеваның Азаттыққа айтуынша, баласы тәжік-ауған шекарасына қызметке кетіп жатқанын айтпаған.

- 10 балам бар. Қазір бес балам қайтыс болды. Қалмаханым оқыды, әскери борышын өтеп келіп, жұмысын істеп жүрген. Оның шекараға кеткенін кеш білдік. 7 наурыз күні кетті. 7 сәуір күні сүйегін алып келді. Жолдасым баланың өлімін көтере алмай инсулт алып, отырған жерінен тұра алмай қалды. Сол ауруымен 15 жыл жатып, қайтыс болды. Қазір баламның ерлігін айтып, кеудеме темір тағады. Темірді не істеймін, онымен балам қайта тіріліп келмейді. Мемлекет ардагер деп таныды. Онысымен қоғамдық көлікте тегін жүре алмаймыз. Азын-аулақ отын-суымызды тегін әкеліп береді, - дейді Ұрқия Бақбаева.

Тәжік-ауған соғысы ардагерлер одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділхан Нұрсейітов "1995 жылдың 7 сәуірінде ішкі істер министрлігінің ішкі әскерінен құралған 7-рота бандылардың қоршауында қалып, 6 сағатқа созылған соғыста 17 сарбаз ерлікпен қаза тапқанын, 33 сарбаз жарақат алып, қазір түрлі топтағы мүгедек атанғанын" айтады. "Қаза тапқан сарбаздар оқыған мектептерде ескерткіш тақтайшалары орнатылды. Жыл сайын оларды еске алып, құран бағышталады" дейді ол.

Еске алу шарасы бір минут үнсіздіктен басталды. Аспанға оқ атылып, марқұмдардың құрметіне сарбаздар сап түзеп, тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан сарбаздардың құрметіне орнатылған ескерткіштің алдынан жүріп өтті. Жиналғандар қайтыс болған сарбаздарды еске алып, гүл шоқтарын қойды.

XS
SM
MD
LG