Accessibility links

Ресей АҚШ-пен Сириядағы ұшу қауіпсіздігі туралы келісімін тоқтатты


АҚШ-тың Жерорта теңізіндегі USS Porter әскери кемесінен Сирияның Шайрат әуе базасын зымыранмен атқылау сәті. 7 сәуір 2017 жыл.
АҚШ-тың Жерорта теңізіндегі USS Porter әскери кемесінен Сирияның Шайрат әуе базасын зымыранмен атқылау сәті. 7 сәуір 2017 жыл.

Ресей Сириядағы операциялар кезінде осы елдің әуе кеңістігінде авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы АҚШ-пен жасасқан келісімінің күшін тоқтататын болды. Ресей сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, бұл шешім АҚШ-тың Сирияның Идлиб провинциясында химиялық қарумен шабуыл жасалған соң сириялық әуе базасын зымыранмен соққы беруіне жауап болып отыр.

Ресей СІМ соққының алдын ала дайындалғаны "айқын" екенін, ал Идлибтегі шабуылды АҚШ "күш көрсетуге сылтау етіп пайдаланғанын" айтады. Мәскеу жағдайды талқылау үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынын өткізуге шақырды.

Бүгін бұдан бұрын Кремль АҚШ-тың зымыран шабуылын "егеменді мемлекетке жасалған шабуыл және әлемдік қауымдастықтың назарын Ирактағы бейбіт тұрғындардың көптеп құрбан болып жатқанынан басқа жаққа аудару әрекеті" деп қабылдайтынын мәлімдеген.

7 сәуірде Жерорта теңізіндегі америкалық кемелер президент Дональд Трамптың бұйрығымен Сирияның Хомс провинциясындағы үкімет әскерінің бақылауындағы Шайрат әуе базасының аумағын зымыранмен атқылаған. Соққы Идлиб провинциясының Хан-Шейхун қаласында Сирия авиациясының химиялық қару қолданып шабуыл жасағанына жауап ретінде берілген. Химиялық қару шабуылынан ондаған бейбіт тұрғын қаза тапты.

XS
SM
MD
LG