АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон америкалық кемелердің Сирияға зымыран соққысын жасағанын Башар Асад режимінің өз азаматтарына химиялық қару қолданғанына "үйлесімді жауап" деп атады.
Тиллерсон Дамаскінің химиялық қару қолданып, оның салдарынан бейбіт халықтың, оның ішінде әйелдер мен балалардың қырылуы бірінші рет болып отырмағанын айтты. Сирия үкіметінің әскері мұндай шабуылдарды 25 және 30 наурызда Хама провинциясында да жасаған.
Тиллерсон сонымен қатар Ресейдің 2013 жылы Сириядағы химиялық қару сақталған орындарды анықтап, оларды қорғау және жою туралы жасаған келісім бойынша өзіне алған міндеттемесін орындай алмағанын айтты. АҚШ мемлекеттік хатшысы бұған Сирияда химиялық қару қолданбауға кепіл болған Мәскеудің кінәлі екенін жеткізді.
АҚШ қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Джефф Дэвис зымыран соққысының Хомс провинциясындағы Шайрат әуе базасына жасалғанын айтады. Соққы кезінде жиыны 59 зымыран атылып, ұшақтар, ұшақтарды жасыруға арналған орындар, мұнай өнімдері мен материалдық-техникалық құралдар сақталған қоймалар, оқ-дәрі сақталған бункерлер, әуе шабуылынан қорғаныс жүйелері мен радиолокациялық қондырғылар қиратылған.
"Бұл соққы - Асадтың зұлымдық актісіне берілген парапар жауап. Шайрат аэродромы химиялық қару-жарақ сақтау қоймасы және Сирия әскери-әуе күштерінің базасы ретінде қолданылған. АҚШ барлау қызметтерінің мәліметінше, 4 сәуірдегі химиялық қару шабуылын Шайратта орналасқан ұшақтар жасаған. Аэродромға соққы режимнің мұндай шабуылды екінші қайтара жасау әрекетін болдырмау үшін жасалды" деді Тиллерсон.