Accessibility links

Тоқаев АҚШ-тың Сирияға соққысы туралы пікір білдірді


Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың Сирия әсекри әуе базасына жасаған зымыран соққысы жанжалды тоқтату келіссөздерін қиындатып, халықаралық шиеленіс тудырады деп санайды. Бұл туралы «Қазақпарат» мемлекеттік агенттігі хабарлайды.

"АҚШ-тың Сирияға әуе соққысы бұл елдегі соғысты тоқтату туралы келіссөздер өткізудің болашағын өте бұлыңғыр етеді. Халықаралық шиеленістің жаңа толқыны" деп жазған Тоқаев Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

АҚШ қарулы күштері сәуірдің 7-і күні Сирияның Хомс провинциясындағы үкіметтік әскери әуе базасына 59 "Томогавк" қанатты зымыран атқан. Ақ үй мәлімдемесінде бұл соққы содан үш күн бұрын Сирияның Идлиб провинциясындағы бейбіт тұрғындарға жасалған химиялық шабуылға жауап екені айтылған. Ол шабуыл салдарынан газдан уланып қаза тапқандар саны 80 адамнан асқан, арасында балалар бар деп хабарланған.

АҚШ пен бірқатар батыс елдері химиялық улы заттан құрбан болған бейбіт адамдардың қазасына Сирия басшылығын айыптаған.

Дамаск химиялық шабуыл туралы айыптауды жоққа шығарып, «әуе соққысы кезінде оппозицияның химиялық қару-жарақ қоры сақталған қоймаға бомба түскен» деп санайды. Башар Асад үкіметін қолдайтын Ресей де осындай болжам айтқан.

XS
SM
MD
LG