Accessibility links

Түркия СІМ: Асад қызметінен дереу кетуі керек


Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу.
Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу.

Түркия сыртқы істер министрлігі Мевлют Чавушоглу жұма күні Сирия президенті Башар Асад дереу қызметінен кетуі керек және Сирияда уақытша үкімет құрылуы қажет деп мәлімдеген. Ол сонымен бірге АҚШ-тың Сирияның «Шайрат» әскери әуе базасына зымыран соққысы туралы жихадшыларға қарсы халықаралық коалицияны алдын ала хабардар еткенін де айтқан.

Чавушоглу Франция, Германия және Ресей сыртқы істер министрлері Жан-Марк Эро, Зигмар Габриэль және Сергей Лавровпен, АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен телефон арқылы сөйлескен.

Бұған дейін Түркия билігі АҚШ қарулы күштерінің Сирия әскери базасына зымыран соққысына қолдау білдірген.

Жұма күні АҚШ Сирияның «Шайрат» әскери әуе базасына 59 қанатты зымыран атқан. Ақ үй бұл соққыны содан үш күн бұрын Хан-Шейхун қаласына жасалған ықтимал химиялық шабуылға жауап деп атаған.

Башар Асад үкіметін қолдайтын Мәскеу АҚШ-тың Сирия базасына зымыран шабуылын «егемен елге қарсы жасалған агрессия» деп айыптаған.

XS
SM
MD
LG