Accessibility links

Трамп Конгресті Сириядағы зымыран соққысы туралы хабардар етті


АҚШ зымыранмен атқылаған Сирияның "Шайрат" әскери әуе базасы. 7 сәуір 2017 жыл.
АҚШ зымыранмен атқылаған Сирияның "Шайрат" әскери әуе базасы. 7 сәуір 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресті Сирия аумағындағы нысаналарға әскери қарудан соққы беру туралы ресми түрде хабардар еткен. Ақ үй басшысы бұл АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саясатының мүддесі, сонымен бірге Сириядағы "гуманитарлық апаттың тереңдеуіне" жол бермеу және аймақтағы жағдайды тұрақтандыру үшін қажет деп түсіндірген.

Пентагонның мәлімдеуінше, АҚШ-тың жұма күні зымыранмен атқылағаннан кейін ішінара бүлінген Сирияның "Шайрат" әскери базасын сәуірдің 4-і күні Хан-Шейхун кентіне әуеден шабуылдаған сириялық әскери ұшақтар пайдаланған. АҚШ әскерилерінің мәліметі бойынша, сол күні Хан-Шейхунде қолданылған аса қауіпті улы газдан кемінде 86 адам қаза тапқан.

Келесі аптада Ресей астанасына сапармен барады деп хабарланған АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Сирияның әскери әуе базасына америкалық зымыран соққысын қатаң айыптаған Ресейдің ұстанымынан көңілі қалғанын, бірақ оған таңғалмайтынын мәлімдеген.

Ресейді Сирия президенті Башар Асад режимін қолдайтыны үшін сынап жүрген Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон бұған дейін сәуірдің 10-ына жоспарланған Мәскеуге сапарынан бас тартқан. Джонсон Сириядағы "жағдай түбегейлі өзгергені" туралы мәлімдеген.

Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглудың мәлімдеуінше, Башар Асад биліктен кетпейінше, АҚШ-тың Сирияға зымыран соққысы жай әншейін "сылап-сипау" болып қалады.

Сауд Арабиясы королі Салман АҚШ президенті Трамппен телефон арқылы әңгімеде Ақ үйдің Ақ үйдің "батыл шешім" қабылдап, соғысты тоқтатуға бағытталған халықаралық күш-жігерді босқа сарп қылған "Асадтың өз халқына қарсы қылмысына дұрыс жауап" бергенін құптаған.

Бұған дейін Франция президенті Франсуа Олланд пен Германия канцлері Ангела Меркель Сириядағы шиеленістің өршуіне Башар Асад жауапты екенін мәлімдеп, халықаралық қауымдастықты Сирия жанжалын саяси жолмен реттеуге шақырған.

Жұма күні АҚШ Сирияның "Шайрат" әскери әуе базасына 59 қанатты зымыран атқан. Ақ үй мұны содан үш күн бұрын Хан-Шейхунде жасалған ықтимал химиялық шабуылға жауап деп атаған. Дамаск "химиялық қару қолданбағаны" туралы мәлімдеген. Башар Асад үкіметін қолдайтын Мәскеу АҚШ-тың Сирия базасына зымыран шабуылын "егемен елге қарсы жасалған агрессия" деп айыптаған.

XS
SM
MD
LG