ЭТА баск жікшілдері ұйымы "Басктер елі тәуелсіздігі" үшін қарулы күресті сәуірдің 8-і күні ресми түрде тоқтатты. Сепаратистер өкілдері француз полициясына жасырын қару-жарақ қоймасын көрсеткен. Ол жерден 120 дана әртүрлі атыс қаруы, үш тонна жарылғыш зат және бірнеше мың оқ алынған. Бұл туралы сенбі күні журналистерге Францияның оңтүстік-батысындағы Байонна қаласында ЭТА ұйымының өкілдері айтқан.
ЭТА тобы қарулы қарсылықты біржола доғаратыны туралы 2011 жылы мәлімдеген, бірақ осы уақытқа дейін қару-жарағын тапсырмай келген еді.
Ресми деректер бойынша, Испанияның солтүстігі мен Францияның оңтүстік-батысындағы басктер мекендейтін аймақтардың тәуелсіздігі үшін қарулы күрес жүргізген ЭТА ұйымының террорлық іс-қимылдарынан 1960 жылдардан бері 800-ден аса адам қаза тапқан. Бұл топты өткен ғасырда Испанияда Франсиско Франко билік құрған кезде, 1959 жылы Мадридтің ықпалынан шығып, дербес мемлекет құруды көксеген сепаратистер жетекшілері құрған.
ЭТА тобының қару-жарағын тапсыруы Батыс Еуропада өткен ғасырдың екінші жартысынан ондаған жылдарға жалғасқан саяси шиеленіс пен қантөгіс кезеңінің аяқталғанын білдіреді. ЭТА ұйымын Испания, Ұлыбритания, Франция, Еуропа Одағы мен АҚШ террорлық ұйымдар тізіміне енгізген.