Accessibility links

Путин мен Роухани АҚШ-тың Сирияға "басқыншылығын" айыптады


Иран президенті Хассан Роухани (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин.
Иран президенті Хассан Роухани (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин.

Ресей мен Иран президенттері Владимир Путин мен Хассан Роухани телефонмен сөйлесіп, АҚШ-тың Сирияға қарсы "басқыншылық" іс-қимылын айыптады деп мәлімдеді Кремльдің баспасөз қызметі. Путин мен Роухани "АҚШ-тың халықаралық құқықты бұзып, егемен мемлекетке қарсы басқыншылық жасауына жол беруге болмайтынын" айтқан.

7 сәуірде АҚШ Сирияның Хомс провинциясындағы Шайрат әуе базасын зымыранмен атқылаған. Вашингтон әскери соққы бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қару қолданып шабуыл жасауға жауап ретінде берілді дейді. Пентагон химиялық қару қолданылған шабуылды Сирия президенті Башар Асадтың әскері жасады дейді.

Асадты қолдайтын Ресей мен Иран АҚШ-тың шабуылын айыптаса, Вашингтонның одақтастары АҚШ-тың іс-қимылына қолдау білдірді.

Кремльдің мәлімдеуінше, Путин мен Роухани "химиялық қару қолданылған шабуылды "шынайы және ешкімге бұра тартпай" тексеруге шақырып, терроризммен күресте ынтымақтастыққа дайын екенін білдірген.

9 сәуірде Сирияның мемлекеттік БАҚ-тары Роухани Асадпен телефонмен сөйлесіп, Сирия үкіметін қолдайтынын білдіргенін хабарлаған. Роухани АҚШ-тың шабуылын "мемлекеттің егемендігін өрескел түрде бұзу" деп атаған. Ал Сирия президенті АҚШ "террористердің моральдық рухын" көтеруге талпынып жатыр деп айыптаған. Дамаск барлық сириялық көтерілісшіл топтарды "террористер" деп атайды.

XS
SM
MD
LG