Accessibility links

Назарбаев: Астана ҰҚШҰ-ны саясиландыруға қарсы


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетаралық "Мир" телеарнасына берген сұхбатында Астананың Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын (ҰҚШҰ) саясиландыруға қарсы екенін мәлімдеді. Сұхбат құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіретін ҰҚШҰ-ның құрылғанына 15 жыл толуына орай алынған. ҰҚШҰ 1992 жылы 15 мамырда Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер қол қойған Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім негізінде құрылған.

Телеарна журналисі Назарбаевқа ҰҚШҰ мен НАТО-ның ұқсастығы және айырмашылығы қандай деген сұрақ қойған. Назарбаев оған екі ұйым арасында "еш ұқсастық жоғын" айтқан.

"Ешқандай ұқсастық жоқ. НАТО қырғи-қабақ соғыс кезінде идеологиялық тұрғыдан қарсы тұру үшін құрылған. Өкінішке орай, содан бері өзгерген жоқ. Енді бұған қарсы Варшава келісімі болды. Бұл саяси қарсылық болған еді. Бізде мұндай мақсат жоқ және біз ҰҚШҰ-ның саясилануына үнемі қарсы шығып келдік. Бұл біздің аймақтық мәселелерімізді шешеді. ҰҚШҰ осы мәселелерді ұжымдық түрде шешуге ғана қызмет етеді. Оны әлдебір жаққа тартуға Қазақстан қарсы және ұйымның басқа мүшелері де бұған қарсы деп ойлаймын" деді Назарбаев.

Қазақстан президенті сұхбатында өзінің ойынша терроризм билік жоқ жерде пайда болатынын айтты. "Террористер, экстремистер, бандиттар билік жоқ жерде пайда болады. Оларға сол жерде өмір сүрген қолайлы. Ирактың бір бөлігін, Сирияның бір бөлігін басып алды да, "Ислам мемлекетіміз" деп жариялады. Терроризм бүкіл әлемге тарап жатыр" деді Назарбаев. Ол мемлекеттерді терроризмге қарсы бірігуге шақырып, Қазақстанның "осы зұлымдықпен күресетіндер жағында болатынын" айтты.

Биыл қыста Астанада өткен Сирия келіссөздеріне қатысты комментарий берген Назарбаев Қазақстанның кездесуге орын ұсынғанын айтты. "Іс жүзінде Астана алаңына Женевадағы келіссөзге қатыспағандар, әсіресе оппозиция жағынан қатысып жатыр. Біз Қазақстан қақтығысушы тараптардың барлығымен бірдей қарым-қатынас орнатқан деп ойладық, себебі біз мұндай келіссөзді ұсынып, оған жағдай жасадық. "Ислам мемлекетін" жеңуге және терроризммен күреске мүдделі барлық мемлекеттер тығыз жұмыс істемей мәселені шешу мүмкін емес" деді Назарбаев.

Астанада Ресей, Иран және Түркияның бастамасымен өткен Сирия келіссөзінде айтарлықтай нәтиже болмады. Сирияда 4 сәуірде болған химиялық қарумен шабуыл жасау оқиғасын сарапшылар Сирия бойынша келіссөздерді кәдімгідей қиындатады деп санайды. АҚШ пен олардың одақтастары шабуылға Сирия билігін айыптайды. Өткен аптада АҚШ химиялық қару шабуылына жауап ретінде Сирия үкіметінің әуе базасын қанатты зымырандармен атқылаған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG